Тұңғыш рет қазақстандық каратэші әлем чемпионы атанды

Отандық каратэші Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) Мажарстан астанасы Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Бұл жаңалықты алғашқылардың бірі болып каратэ құрамасының бас бапкері Тарек Абдесселем жария етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Қазақстандық спортшы финалда италиялық қарсыласын тізе бүктірді.

Оған дейін жартылай финалда әлем рейтингінің көшбасшысы Венесуэла каратэшісін айқын басымдықпен жеңіп (11-3), сенсация жасаған еді.  Мөлдір Жаңбырбай тарихта тұңғыш рет каратэден әлем чемпионы атанған спортшы болды. Бұған дейін ересектер арасында Қазақстаннан WKF каратэден әлем чемпионы шықпаған.

Жастар, жасөспірімдер санатында жеңімпаздар бар.  Отандасымыз небәрі бір айдың ішінде екі жүлдеге ие болды. Әлем біріншілігінің алтынын алмас бұрын, Мөлдір Ханчжоуда өткен Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болған еді.

kaz.nur.kz