Түркістанда мектепке келген оқушының анасы мұғаліммен жаға жыртысты
Түркістанда баласының сынып жетекшісімен кездесуге келген оқушының анасы жанжал шығарды. Ұстаз бен әйелдің ерегісі тіпті жаға жыртысуға ұласты, деп хабарлайды Экспресс К.
Оқиға күндізгі уақытта №8 мектепте болған. Бұл сәттің видеосы білім ұясындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Онда мектеп дәлізінде ұстазбен сөйлесіп тұрған келіншек онымен жанжалдасады.
Олар әлденені түсінісе алмай, сол кезде оқушының анасы мұғалімге қол көтерген. Жанжал соңы жаға жыртысуға дейін барады. Оларды өзге мұғалімдер ажыратып алған. Ең сорақысы, бұл жағдай балалардың көзінше болған.
Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар бұл видеоға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, оқушының анасы сынып жетекшісімен сөйлесу үшін келген. Алайда арада жанжал туындап, әйел мұғалімге қол көтерген. Негізі, бұл отбасы мектеп есебінде тіркеуде тұр екен.
«Әйелдің балаларын жиі соққыға алатыны жөнінде сынып жетекшісі 2020 жылы мектеп әкімшілігіне хабарлаған. Сол уақыттан бастап психолог пен әлеуметтік педагог үйіне барып, жағдайдың барлығын анықтады. Бұл жанұя нашар отбасы ретінде есепке алынған»,— делінген адами әлеуетті дамыту басқармасының мәліметінде.
Бұдан өзге оқушының анасы ішімдік ішкен кезде үйінде жанжал шығарып, балаларына жиі қол жұмсаған көрінеді. Сонымен қатар полицияға хабарласып, өз балаларына шағымданған сәттер жиі болыпты. Тіпті қызын полиция есебіне алуын талап етіп, ашуы басылғанда арызын қайтарып алу жағдайлары бірнеше рет қайталанған.
Бұдан өзге полицейлер рейдтік шара жүргізу кезінде балалардың заңды өкілінің назарынан тыс қалып, қаңғыбастыққа салынып жүргені анықталған.
«Қамқоршылық және қорғаншылық бөлімімен бірге түзілген қаулымен балалар облыстық балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Қазір балаларды отбасына қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде»,— деді басқармадағылар.
Оқушының анасы мен ұстаздың арасындағы жанжалдан соң дереу полицияға хабар берілген. Мұғалім оқушының анасының үстінен арыз жазған. Арада 3 күн өткен соң келіншек мектеп ұжымы мен мұғалімнен кешірім сұрап келіпті. Соның нәтижесінде екі жақ ымыраға келіп, педагог арызын қайтарып алған.