Түркістанда түн ортасында кішкентай қыздары бар үйге кіріп кеткен еркекті үй иесі ұстап алған
Түркістанда орта жастағы белгісіз ер кісі бейтаныс үйге кіріп кетіп, үй иесінен оңбай таяқ жеді. Бұл үйде жас қыздар болған көрінеді, — деп хабарлайды «Экспресс К»
Жас қыздардың ағасы бейтаныс еркекті ұрып-соққан сәтті оқиға куәгері видеоға түсіріп алған. Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап кетті. Онда жас жігіт бейтаныс еркекті педофил деп түсінсе керек, үй ішінде дуалға тақап, отырғызып қойған.
Не үшін кірдің үйге? Үшке дейін санаймын? Екеуі де менің қарындасым. Кім рұқсат берді саған?, — дейді ашуға булыққан жігіт.
Ал бейтаныс ер кісі адасып қалғанын алға тартады. Айтуынша, Түркістан қаласында тұрады екен.
Ешкім рұқсат берген жоқ. Арам ойым да болмады. Адасып қалдым, — дейді ер адам.
Осы сәтте қыздардың ағасы еркектің бетінен шапалақ ұрып, ер кісі оған жауап қайтарады. Кейін екеуі алысады да, бейтаныс еркек жерге құлайды. Жас жігіт болса, мұнымен тоқтамайды. Ары қарай тепкінің астына алады.
Видеоны көрген желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі бейтаныс ер адамның психикалық ауытқуы болуы мүмкін деген болжам жасады. Ал енді бірі бейтаныс адам бөтеннің үйіне тектен-тек кірмейтінін алға тартты.
«Байқамай кірдім» дейді. Обалы жоқ, нақты айта алмай тұр», «Арам ойы болмаса неге кіреді біреудің үйіне? Екі қыздың өмірі ойыншық па? Ұрып, жазасын беру керек», «Дұрыс жасадың», «Күш қолданғанша полиция шақыру керек еді», «Расымен де адасып қалған шығар. Әлде ауытқуы бар адам ба?», «Қашан қызды қорлайды, сол кезде ұра ма сонда? Қыздардың бұған шамасы келмейді. Ұятсыз», «Шынымен де Түркістанда болған. Ауытқуы бар адам. Басына операция жасалған. Содан кейін осындай боп қалған. Өзі науқас, екі апта бойы комада жатқан» деп жазды желі қолданушылары.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілердің айтуынша, бұл оқиға 17 желтоқсан күні түнгі сағат 03:40 шамасында Түркістан қаласында болған. Бөтен үйге кіріп кеткен ер адам ІІ-топ мүгедегі екен. Дәл сол күні қан қысымы көтерілген ол не істеп, не қойғанын білмепті. Полицияға екі тараптан да ешқандай арыз-шағым түспеген.
Дегенмен полиция ер адамның бөтеннің үйіне кіріп кету дерегін Қылмыстық кодекстің 149-бабы 2-бөлігімен (Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу) тіркеген.
Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама нәтижесімен заңды процессуалдық шешім қабылданады — делінген ведомство мәліметінде.