Түркия чемпионатында голды есепке алмаған төреші аяусыз соққыға жығылды (видео)

Футболдан Түркия чемпионатының 15-туры аясындағы матчта «Анкарагюджю» мен «Ризеспор» кездесті. Ойын 1:1 есебімен аяқталғаннан кейін «Анкарагюджю» клубының президенті алаңға жүгіріп шығып, бас төрешіні бір соққымен сұлатып түсірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Анкарагюджю» — «Ризеспор» матчында бас төреші Халил Мелер алаң иелерінің бір голын есепке алмай, 50-минутта футболшы Али Соуды алаңнан қуды. Ойын аяқталғаннан кейін ашуға булыққан «Анкарагюджю» президенті Фарук Коджа төрешіні бір соққымен жерге құлатып, тепкінің астына алған.

Даулы оқиғадан кейін «Анкарагюджю» футбол клубының президенті Фарук Коджа мен тағы бірнеше адам қамауға алынды. Бұл туралы Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунча Twitter-дегі ресми парақшасында хабарлады. Түркия футбол федерациясының кезектен тыс отырысы ұйымдастырылып, елдегі барлық футбол лигасы тоқтатылды. Федерацияның президенті Мехмет Бюйюкекши бұл жағдайды «түрік футболындағы масқара түн» деп сипаттады. Түркия елінің президенті Режеп Ердоған да Twitter желісінде пікірін айтты. «Төреші Халил Мелерға жасалған істі құптамаймын және тез сауығып кетуіне тілектеспін. Спорт бейбітшілік пен бауырмалдыққа үндеуге тиіс. Түрік спортында бұндай жағдай қайталауына жол бермейміз», – деді Ердоған. «Анкарагюджю» футбол клубының Twitter-дегі ресми парақшасында команданың жанкүйерлерден кешірім сұраған жазбасы жарияланды.

kaz.nur.kz