Түркияда үйінді астынан Мирболат Құрмашевтің денесі табылды
Құтқарушылар Түркияда жоғалған қазақстандық Мирболат Құрмашевтің денесін үйінді астынан алып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл жайында Түркияның Хатай қаласында жер сілкінісінен кейін хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды іздеуге аттанған бастамашыл топ Telegram парақшасында мәлімдеді.
«Біз одан айырылып қалдық» деп жазылған хабарламада.
Мирболат Құрмашевтің денесін біздің құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан.
«Түркияның Хатай провинциясындағы толығымен қираған ғимараттан қазақстандық құтқарушылардың күшімен екінші қазақстандықтың денесі шығарылды. Үйінді жағдайындағы қозғалыс кезінде іздестіру барысында құтқарушылар алдын ала белгіленген іздестіру орнына жету үшін барынша жедел түрде арнайы ойық жасады. Құтқарушылар кішкентай бос орындар арқылы ойықтың ішіне кірді. Бұл ретте құтқарушылар құрылымдық элементтер қайта құламас үшін тосқауылда кішкентай саңылау жасауға тырысты, үйіндіде қауіпті учаскелерді бекітті, үйінді бөлшектерін көтеріп, жылжытты», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Бұдан бұрын Қазақстанның тағы бір азаматы – Әділ Қадірбековтің де жер сілкінісі кезінде үйінді астында қаза тапқаны хабарланған еді. Құтқарушылар отандасымыз Сабина Мамадиярованы ғана аман алып шықты.
Айта кетейік, үш қазақстандық та Түркияға жұмыс бабымен барған. Мирболат Құрмашевтің еліміздің IT-саласындағы үздік мамандардың бірі болды.
Өкінішке қарай, зілзаладан кейін жоғалған қазақстандықтарды құтқару жұмыстары кеш басталды. Оған техниканың тапшылығы, сондай-ақ құтқаруға жұмылдырылған адамдардың аздығы себеп болған.