«Түсіндіруге мұрша берген жоқ»: Түркиядағы түнгі клубқа барғаны үшін жұмыстан шығып қалған қызылордалық мұғалімдер өз шындығын айтты
Қызылорда облысы Жосалы кентінде №250 мектептің ағылшын пәнінің мұғалімдері шетелде клубқа барғаны үшін жұмыстан шығып қалған еді. Ұстаздар әділдікті талап етіп, желіде ар-намыстарына нұқсан келтірген мектеп әкімшілігіне наразылығын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
26 жастағы Ақерке Жұмабаева білім беру саласында 3,5 жыл қызмет еткен. Ағылшын пәнінен сабақ берумен қатар 7-сыныпқа жетекші болған. Алайда “Түркиядағы гей-клубта жүр” деген ақпарат тарағаннан кейін Ақерке Жұмабаева мен Фатима Сқақова даудың астында қалды. Жұмабаеваның айтуынша, мектеп әкімшілігі олардың ар-намысына тиіп, еш ескертусіз жұмыстан шығарып жіберген.
“Кешірім сұрадым, қателік жібергенімді айттым. Алайда директор мені барша ұжымның көзінше тілдеп, жылатып, «жүн-жүн жігіт іздеп бардыңдар» деді. Бұл кезде біз Ыстамбұлда демалыста жүрдік, саяхатымыздың соңғы күні болғандықтан, бұрын көрмеген жерді көргіміз келді”, – деді ол.
Айтуларынша, оларға ешкім ештеңе ескертпеген, тіпті жиналыстың алдында болған жағдай туралы ешкім сұрамаған. Тіпті өз нұсқаларын айтып, жағдайды түсіндіруге де мұрша бермеген көрінеді.
Ұстаздар барған түнгі клубта желіде танымал “Амилай” есімді трансвестит де болған. Оның мобилографы Амилайды түсіріп жатқан кезде екі мұғалім де кадрға іліккен. Ата-аналар мен әріптестері сол трансвестит блогердің Instagram-парақшасындағы видеоларынан қоса мұғалімді байқаса керек.
8 қаңтарда мектеп директоры Ақеркенің анасы Жөнейтова Рашқа хабарласып, оны оқу ордасына шақыртыпты. Айтуынша, “қызыңыз не істеп жүргенін білесіз бе?” деп сұрақтың астына алған.
“Қызым сабақты өте жақсы оқыды, қызыл дипломын алды. Магистратураны да өте жақсы аяқтап шықты. Оғаш қылығы болған емес. 1 жыл Алматыда жұмыс істеген еді, кейін ауылға шақыртып алдым. Өзі тәмамдаған мектепте ұстаздық етіп жүрді. Бірақ бір сәтте оны масқаралап, жұмыстан шығарып жіберді. Ескерту немесе сөгіс жарияласа болады ғой”, – деді қыздың анасы.
Ал заңгер БАҚ-та “трансвеститтер клубы, гейлер клубы” деп жалған ақпарат тарап жүргенін айтады. Сөзінше, бұл қарапайым түнгі клуб және мұнда ЛГБТ өкілдерінің жалауы ілінбеген.
Қос мұғалім мекеменің ішінде не боларын білмеген. Олар жартылай жалаңаш ер адамдар шоуы болады деп ойламағанын жеткізді. Осыдан соң шығып кеттік дейді.
“Қыздар айналасына қарап, таңғалып тұр, тосыннан екені, оларға мұндай нәрсе таңсық екен көрініп тұр. “Қандай ортаға тап болдық?” деп жалтақтағаны байқалады”, – деді психолог.
Олар Жаңа жылдағы мерекені пайдаланып, Түркияға саяхаттауға барған. Ал жұмыстан 3, 5 және 6 қаңтарға алдын ала сұраныпты. Қыздардың айтуларынша, түнгі клубқа барар алдында теңіз өнімдерін тұтынып, содан Ақерке уланып қалған. Сол себепті рейске отыра алмай, билетті ауыстырыпты. Сол үшін оқу ісі жөніндегі орынбасарға жазып, 8 қаңтарға да сұранып, денсаулығына қатысты анықтама әкелетінін айтқан.
Ал жұмысқа келетін күні басшылық оларға сабаққа емес, бірден жиналысқа келуін талап етіпті.
“Директордың бұлай жұмыстан шығаруы заңсыз. Ол үшін бұйрықта себеп көрсетілуі тиіс. Ал мұнда бұйрық жоқ. Оған дейін мектепте ішімдік ішіп келген мұғалімдер, баланы ұрған жағдайлар болыпты. Сол кезде оларға тек ескерту беріліпті. Ал мұнда қыздарды бірден жұмыстан қуды. Бірақ шетелде түнгі клубқа барудың оқушыларға зияны қандай?”, – деді заңгер. Сержан Пірәлиев.
Осы жағдайды сылтау етіп, полиция қызметкерлері екі құрбының мазасын алған. Айтуларынша, танысуға ұсыныс тастап, мәселені шешуге көмектесетінін айтқан. Қармақшы аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Жандарбеков оларға қайта-қайта жазып, кейін жауап болмағасын тіпті тілдеп, бопсалады дейді. Соны білген анасы Жандарбековтің үстінен арыз жазған.
“Осы жайттан соң мен Қызылордаға кетіп қалдым, бірақ бұл туралы ешкімге айтпаған едім. Менің мекенжайымды ешкім білмеген. Бірақ түнгі 11-де біреу домофонға қоңырау шалып, “арызыңды ал” деп бопсалады”, – дейді Ақерке Жұмабаева.
11 жарымда домофонға звондап, арызыңды ал деп бопсалады.
Мектеп әкімшілігі бір кезде мұғалімдерді жұмысқа келгені үшін шығардық десе, одан соң олар өз еркімен шықты деген мәлімдеме жасады. Директор еңбек демалысына кеткендіктен, жауап бермеді. Алайда оқу ісі жөніндегі орынбасары Анар Еспенбетова педагогикалық этика бұзылғаны себеп болды дейді.
“Педагогикалық этиканы бұзғанына байланысты шықты. Комиссияның шешімі бойынша педагогикалық этика бұзылған. Сол шешімнен кейін олар өз еркімен босатылды. Сондай-ақ жұмыстан себепсіз қалды, анықтаманы да көрсеткен жоқ”, – деді Еспенбетова.
Еске салсақ, Қызылордалық мұғалімдер Түркиядағы трансвеститтер клубында демалғаны үшін жұмыстан шығып қалғаны айтылды. Оқу-ағарту министрлігі оқиғаға түсініктеме беріп, олар жұмыстан өз еркімен шыққанын мәлімдеді. Бұрынғы оқу-ағарту министрі, қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге жақтасып, жұмыстан тыс уақытта құқығын шектеуге болмайтынын айтты.