«Ұйқыдан шошып оянам»: алматылықтар жер сілкінісінен кейін әлі де үрей мен қорқыныш сейілмегенін айтты

Алматылықтар бір апта бұрын болған жер сілкінісінен кейін қорқыныш, алаңдаушылық, ұйқының бұзылуы жиі мазалайтынын жеткізді. Психологтар бұндай жағдайда не істеу керектігі туралы бірнеше кеңес айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Телеарна мәліметінше, 23 қаңтарға қараған түні болған жер сілкінісінен кейін қалыпты өмірге келе алмай жүргендер көп. Мамандар кішігірім афтершок қайталанатынын ескерткенімен, халық үрейленіп қалған. Алматылық Құндыз Ғалымжанқызы табиғи апаттан аптаға жуық уақыт өтсе де, әлі ұйқыдан шошып оянатын айтты.

«Қатты қорқып қалдық. Себебі 4-қабатта тұрамыз, жер сілкінісі кәдімгідей сезілді. Баламыз да шошып қалды», – деді қала тұрғыны Құндыз Асаубай.

Құндыз төтенше жағдайдан кейін дабыл шабаданы мен құжаттарын дайындап қойған. Сондай-ақ балаларға үйдегі қауіпсіз орындарды көрсетіп, қалай әрекет етуді түсіндірген. Мамандар табиғи апаттан кейінгі қорқыныш сезімі қалыпты болғанымен, оның салдарын жою үшін арнайы жаттығулар жасап, психолог көмегіне жүгіну керек екенін айтты. Ал тыныштандыратын дәріні шектен тыс пайдаланбаған жөн.

«Үрейленіп қалған адамдарға көбірек жаяу жүруді ұсынамын. Сондай-ақ бойындағы қорқыныштан құтылу үшін денесін бірнеше рет сілкіп алғаны жөн. Үрей сезімі денемізге жабысып алатын қасиетке ие. Сондай-ақ түрлі жалған ақпаратты бірден қабылдай бермей, сұрыптай білу керек. Әйтпесе ол үрейді тек күшейтеді. Сабыр сақтауға кеңес беремін», – деді психолог Гүлбанум Мурадуллаева. Телеарна мәліметінше, халықты дүрбелеңге салып жатқан тағы бір дүние — жақын елдердегі жер тербелісі ошақтарын көрсететін, телефонға жазып алуға болатын қосымшалар. Мамандар бұндай бақылау мазасыздық пен қорқынышты еселейтіндіктен мүмкіндігінше ондай қадамға барудан бас тартуды ұсынады. Желіде тарап жатқан жалған ақпараттар да қалың көпшіліктің алаңдауына негіз болып отыр. Сондықтан аласапыранда ресми ақпарат көздеріне жүгінген дұрыс. Сондай-ақ Алматы қаласында мектептер мен балалабақша психологтары табиғи апаттан кейін қорқып қалған балалармен қызу жұмысқа кіріскен. Мамандардың айтуынша, оқушылардың ішінде қалып кеткен үреймен дер кезінде жұмыс істемесе, ертеңгі күні оның салдары ауыр болуы мүмкін. Тіпті болашағына өз кесірін тигізуі де ғажап емес.

«Оның ішкі әлемі қауіпсіз болған кезде, бала еңбек етуге, білім алуға басқа да нәрселермен айналысуға құштар болады. 10 жасқа дейін бала ата-анасының ойымен байланысты болады. Ата-ана не ойлап, не сезінсе, сол 90 пайызы тікелей балаға беріледі. Сол себептен ересек адам ойын реттеген кезде балалар да сезеді», – деді балалар психологы Әлия Шәріпова

Сондықтан ең алдымен әр адам өз-өзін қолға алғаны жөн. Тек содан кейін ғана шынайы деректерге сүйеніп, қорытынды шығарғаны абзал. Ал төтенше жағдайларға іштей дайын болып, іс-қимыл алгоритмін ойластырып қою тосын жағдайларда байбаламға салынбауға негіз болатыны сөзсіз. Т

kaz.nur.kz