ҰҚШҰ Қазақстанда оқу-жаттығу өткізеді

9 қыркүйектен 3 қазанға дейін Алматы облысында Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің жоспарлы дайындығы аясында ұйымдастырылған «Кобальт-2025» оқу-жаттығулары өтеді, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Ұйымға мүше мемлекеттердің ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, ұлттық гвардия күштері, сондай-ақ есірткіге қарсы қызмет, құтқару және өртке қарсы құрылымдардың арнайы бөлімшелері қатысады.

Жаттығуларға командалық-штабтық дайындық пен спорттық жарыстар кіреді. Бұдан кейін арнайы жасақ сарбаздары қарулы топтарды бейтараптандыру, есірткі саудасына қарсы күрес және төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша тапсырмаларды пысықтайды. Сценарийлер шынайы әскери жағдайларға барынша жақындатылған.

Оқу-жаттығулар барысын ТМД мен ШЫҰ өкілдері бақылайды. Қорытындысын ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков шығарады.

Altyn-orda.kz