Ұлан-Батырда балалар мен жастарға арналған заманауи қазақ тілі сыныбы ашылды

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда Fast Academy білім беру орталығының базасында жаңа қазақ тілі сыныбының салтанатты ашылуы өтті.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап Altyn-orda.kz хабарлайды.

ҚР СІМ мәліметінше, заманауи техникамен жабдықталған бұл сынып жас ұрпақты қазақ тіліне, ұлттық мәдениет пен дәстүрге баулитын алаңға айналады.

Ашылу рәсіміне Моңғолиядағы Қазақстан Елшілігінің өкілдері, «Баян-Өлгей аймағы жерлестерінің Ұлан-Батырдағы коллегиясы» үкіметтік емес ұйымының басшысы Айдос Әбіланы, Fast Academy директоры Ерболат Ашық және қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.

Бұл бастама Моңғолиядағы қазақ қауымдастығын қолдауға және шетелдегі мәдени бірегейлікті сақтауға бағытталған.

Бұған дейін Бакуде Мұхтар Әуезовтің латын графикасымен басылып шыққан «Абай» романының жаңа басылымы таныстырылғаны хабарланған болатын.

Altyn-orda.kz