«Ұлым аштан өлмесін деп түкірігімді бердім» : 8 күннен соң аман табылған адамның оқиғасы (ВИДЕО)
Түркиядағы жойқын зілзаладан кейін 202 сағат өткен соң үйінді астынан 32 жастағы Муһаррем Полат есімді ер адам құтқарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Haber Lutfen YouTube арнасына сілтеме жасап.
Дереу жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген ол есін жиған соң, жер сілкінісі кезінде басынан өткен жағдайларды баяндап берді.
«Телефонның оятқышын таңғы сағат 8.45-ке қойып жатқаным есімде. Телефоным төсектің астында қалыпты. Қуаты да өшкен. Құшағымызда Мұхаммед Алпарслан атты алты айлық сәбиіміз бар. Басқа балаларымыз сол жерде жан тапсырды. Неше күн бойы нәр татпадық, тек бір вазелин тауып алып, талғажау етпек болып аузымызға салдық. Бірақ оны да жей алмадық, түкіріп тастадық. Мұхаммед Алпарсланға өзімнің түкірігімді бердім. Бесінші күні жұбайымнан сүт шықпады. Мұхаммед Алпарслан бесінші күні шыдамады, таңертең сағат алтыда қайтыс болды”, — деп әңгімеледі аман қалған азамат.
Қираған үйдің үйіндісінің астынан жұбайы екеуінің аман-есен шығуын Муһаррем жасаған дұғаның көмегі деп түсінеді.
«Алғашында автотұрақтар жабық еді. Екінші жер сілкінісі кезінде ол жер ашылыпты. Мұны мен жетінші күні ғана байқадым. Тыныс ала алатын жер сол автотұрақ қана еді. Аллаға шүкір, қолымда сағатым бар еді. Жетінші күні таңғы төрттің кезінде кірпіштің ылғалды екенін байқадым. Жұбайым Хидаетке көрсетсем, ол сенбеді. Жақсылап қаздым, су шықты. Қар суы екен, бірақ бізде қар жаумаған еді. Алла бізге мейірімін көрсетті. Су шыққан жерді орындықпен кеңейттім. Шығатын жер бар екен. Ол жерді де кеңейтіп, шығатын жолды ашып, аман-есен жер бетіне шықтық. Ауруханадан шыққан соң, жұбайым екеуіміз Алланың жолында қызмет етеміз. Бәлкім, жұмыс жасамайтын да шығармын. 32 жасқа келіп, Құран Кәрімді үйренбегеніме қатты ұяламын. Бүкіл Түркия естісін, Құран Кәрімді үйренбеу — үлкен айып. Бұл жақта тек дұғаның арқасында ғана аман қалдық», — дейді Муһаррем Полат.
Айта кетейік, соңғы деректер бойынша, Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 35 418 адамға жетті. Бұл туралы ел Президенті Режеп Тайып Ердоған телеүндеуде мәлімдеді.