Ұлытаудағы патрульдік полиция өрт шыққан пәтерден үш баланы құтқарды

Сәтбаев қаласында полицейлер өрт шыққан пәтерден үш баланы шығарып, қайғылы оқиғаның алдын алды. ҚР ІІМ мәліметінше, өрт түнгі сағат екі шамасында бірінші қабаттағы үйден шыққан.

Патрульдік полиция қызметкерлері Асет Абдуакитов пен Нұрболат Нұрғабыл түтінді байқап, бірден оқиға орнына жеткен. Кіреберісте оларды әйел адам қарсы алып, пәтерде балалар қалғанын хабарлаған.

Полицейлер есікті бұзып ашып, қою түтінге қарамастан іздестіру жұмыстарын бастаған. Бір баланы төсектің астынан тауып, қалған екеуін терезе арқылы сыртқа шығарған, бұл үшін олар темір торды алып тастаған.

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтады.

Зардап шеккендер жоқ. ІІМ өкілдері патрульдік полицейлердің жылдам әрекеті мен батыл қимылы балалардың өмірін сақтап қалуға және ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Altyn-orda.kz