«Ұстасаң өзің үшін»: Нұрлан имам ораза ұстағанын міндетсінетін адамдарға кеңесін айтты (видео)
Белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы өз Youtube арнасында рамазан айында ораза ұстағанын міндетсініп немесе ауыз бекітсем қасымда қарайтын адамым жоқ дейтін жандарға кеңесін айтты.
Нұрлан имамның сөзінше, кейбір адамдар ораза ұстағанда «менің күтетін адамым жоқ», «маған ерте тұрып сәресін беретін анам жоқ» деп айтып жатады, әсіресе, бұл бойдақ жігіттерде, студенттерде жиі кездеседі. «Жалғыз адаммын, ораза ұстай алмаймын деп уәж айтатын адамдар да баршылық. Сол кісілерге айтпағым, егер тамақ дайындайтын адамыңыз болмаса, өзіңіз дайындаңыз, дайын тамақты сатып алып жеңіз. Денсаулығыңыз болса, ораза ұстау міндет екенін ұмытпаңыздар. Себебі, ораза адамға қуат береді, нәр алып келеді», — дейді ол. Имамның айтуынша, ауыз бекіткеннен денсаулығыңызға зиян келетін болса, мұндай жағдайды да қарастыру керек. Ал ауыз бекіттім деп біреуді әурелеу дұрыс емес.
«Ораза ұстаған адам үйде беделі көтеріліп кеткен адам болады. Бәрі оның қызметінде жүгіріп жүру керек. Бұл — қате. Оразада әркім өз тамағын, қызметін өзі жасауы керек. Біреуге масыл болмаңыздар. Біз әдетіміз бойынша үлкен кісілерге қызмет жасаймыз. Бірақ «мен оразамын, сен маған қызмет жасап беруге міндеттісің» деген нәрсе жоқ. Ұстасаң оразаң өзің үшін. Мысалы, намаз оқығанда, сіздің суыңызды ешкім дайындап беруге міндетті емес қой. Сіздің ешкім құлыңыз емес, күңіңіз емес. Қаншалықты өзіңіз сол нәрсеге талпынсаңыз, сауабыңыз да соғұрлым көп болады», — дейді Нұрлан имам.