Волейболшы жастар арасында үздіктер анықталды

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында NEET санатындағы жастар арасында волейболдан өткен турнир мәресіне жетті. Social project management орталығының ұйымдастыруымен өткен жарысқа «Тастақ», «Жұлдазы», «Саудакент», «Алатау», «Арыстан», «Болашақ», «Арлан», «Сарыарқа», «Рахат», «Қазына» және тағы басқа базарлардан және жұмыссыз жастардан құралған 16 команда қатысты.
Алғашқы күн турнирдің іріктеу ойындарына арналды. Әр командада қыздар мен жігіттер аралас болды. Төрт топқа бөлінген командалар өзара бақ сынасып, келесі айналымға шығатын командаларды анықтау үшін барын салды. Турнир ережесіне сай командалар екі сет ойнауға тиіс болды, егер ойын 1:1 есебімен аяқталса, үшінші сет ойнатылды. Сөйтіп жеңімпаз 2:1 есебімен анықталып отырды.
Іріктеу ойындарының нәтижесіне сәйкес гранд финалға «Арлан», «Арыстан», «Қазына», «Саудакент» командалары жолдама алды.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды “Арлан” базарынан келген команда иеленсе, 2-орын “Саудакент” базарының ойыншыларына бұйырды. Ал үшінші орынды “Қазына” базары мен “Арыстан” базарының волейболшылары өзара бөлісті. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен, кубок, медальдармен марапатталды.

Айта кетейік, бұған дейін «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында Алматы қаласындағы базар жастары арасында шағын футболдан, үстел теннисінен, киберспорттан турнирлер өткен болатын. Бүгінгі волейбол жарысы осы жоба аясында өткен төртінші турнир. Алдағы уақытта суға жүзуден турнир өткізу жоспарланып отыр.














