Зеленский Қазақстандағы Украина елшісін тағайындады

Украина Президенті Владимир Зеленский Қазақстандағы жаңа Украина елшісін тағайындады. Президенттің ресми сайтында жарияланған жарлыққа сәйкес, бұл қызметке Виктор Майко тағайындалды. Ол бұған дейін Украина Республикасының Түрікменстандағы елшісі болған, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

«Виктор Анатольевич Майконы Қазақстан Республикасындағы Украина Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі етіп тағайындау туралы» делінген жарлықта.

Айта кетейік, бұл лауазым 2022 жылдың қазан айынан бері бос тұрған еді. Сол кезде елші Петр Врублевский қызметінен кеткен болатын.

Оның қызметтен кетуіне Қазақстанда теріс реакция тудырған мәлімдемелері себеп болды, 

Виктор Майко туралы:

Виктор Майко 1960 жылы Днепропетровск қаласында дүниеге келген. Ол Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзінің дипломатиялық мансабында ол Ұлыбританиядағы Украина елшілігінде жұмыс істеген, сондай-ақ Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

2005 жылдан 2010 жылға дейін Түрікменстандағы Украина елшісі болған. Кейін Сыртқы істер министрлігінде министрдің орынбасары және кеңесшісі болып жұмысын жалғастырды. 2020 жылы ол қайтадан Түрікменстандағы елші қызметіне тағайындалған.

Майко ағылшын тілін еркін меңгерген, үйленген, бір қызы бар.