Зеленский Путинмен тікелей келіссөздерге дайын екенін айтты

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинмен тікелей келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Киев үшін басты мақсат — соғысты тоқтату. Сондықтан Украина бейбітшілікке жеткізетін кез келген форматты қарастыруға әзір  деп хабарлайды  Altyn-orda.kz

Зеленскийдің сөзінше, Украина басқа халықаралық қақтығыстардың шешілуін күтіп отыра алмайды. Ол соғысты аяқтау мәселесі кейінге қалдырылмауы тиіс екенін атап өтті. Президент Путинмен тікелей сөйлесуге дайын екенін, бірақ мұндай кездесу нақты нәтиже беруге бағытталуы қажет екенін айтты.

Бұл мәлімдеме Украина әскерінің Ресей аумағындағы стратегиялық нысандарға соққыларынан кейін жасалды.

Зеленскийдің пікірінше, Украина майдандағы және тылдағы қысымды күшейту арқылы Мәскеуді шынайы келіссөзге итермелеуге тырысып отыр.

Сонымен бірге Киев Ресейдің жай ғана уақыт созатын келіссөз емес, соғысты тоқтатуға бағытталған нақты саяси шешім қабылдауын қалайды. Яғни Зеленскийдің бұл мәлімдемесі әлсіздіктен емес  керісінше Украина келіссөзге де, күресті жалғастыруға да дайын деген саяси сигнал ретінде қабылдануы мүмкін.