Жайықтың жайы өзекті

Атырау облысы Еркінқала ауылындағы аялдама мен жаяу жүргіншілер жолының жоқтығы тұрғындарды алаңдатады. «Автобустар арнайы тоқтайтын орындар жоқ болғандықтан, балалардың сабаққа қатынауы қиын» дейді олар. Бұл мәселе AMANAT партиясының атынан сайлау науқанына қатысатын бір топ кандидаттардың «Жайық Атырау бекіре балық өсіру зауыты» ұжымымен кездесуінде жергілікті жұмысшылар тарапынан айтылды.

Бекіре балығы – бір кездері атыраулықтар үшін қолжетімді болса, қазіргі таңда қорғауға жататын бағалы су маржаны санатында. Депутаттыққа үміткерлер арнайы барған зауыт қазіргі таңда Балық шаруашылығы комитетінің тапсырмасына сай жаңғыртылып жатыр. Техникалық бақылау жүргізіліп, ескіні заманауи технологияға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.  

«Жұмысымыз тікелей байланысты болғандықтан, су мәселесі өте өзекті. Өзен арнасы ашылып, балық қорының мол келуіне жағдай жасалса дейміз. Бұл жұмыстар жолға қойылса, шабақтарды кері Жайыққа жіберуде де көрсеткіштер артатын еді», — дейді сала өкілдері.

Бұған қоса, балық шаруашылығы саласы мамандарының жалақысы аз екенін де айтылды.

«Рас, өңір үшін өзекті проблемалар қатарында Жайықтың жайы ең маңыздысы. Жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде ең алғашқы сауалымды да осы тақырыпқа арнадым. Кейін әріптестеріммен бірлескен түрде бұл тақырыпта екі жыл ішінде 4 депутаттық сауал жолдадық», — деген Дүйсенбай Тұрғанов AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бұл мәселе кең көрініс алғаны, нақты іс-шаралар қарастырылғанын жеткізді.

 

Тапсырыс беруші: AMANAT партиясының Атырау облыстық филиалы

AMANAT партиясының Атырау облысының сайлау қоры қаражатынан төленді