Жамбыл облысында әскери киімдегі ер адам үйлерге кіріп, әйелдерді соққыға жыққан (видео)
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында әскери киім киген белгісіз ер адам бірнеше үйге кіріп, тұрғындарды соққыға жыққан. Ер адамды жергілікті тұрғындардың бірі ұстаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
12 желтоқсанда Т.Рысқұлов аудандық полиция бөліміне әскери киімдегі белгісіз ер адамның Құлан ауылындағы бірнеше үйге кіріп, тұрғындарға дене жарақатын келтіргені туралы хабарлама түскен.
Кейін ер адамның кешкі уақытта үй ауласында орналасқан дүкенге кіріп, 45 жастағы әйелдің бет тұсына соққы келтіргені анықталды.
“Содан соң осы көшеде орналасқан тағы екі пәтерге кіріп, алдынан шыққан 45 және 43 жастағы әйелдерді ұрып-соққан. Соңғы азаматтың үйіндегі жолдасы аталған ер адамды ұстап, полиция қызметкерлерін шақыртты. Шақырту бойынша шұғыл жеткен полиция қызметкерлерімен 22 жастағы әскери қызметші полиция бөліміне жеткізіліп, тиісті жедел іс-шаралар жүргізілді”, – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласы бойынша департаменті Қылмыстық кодекстің 149-бабы 2-бөлігі бойынша (Тұрғынжайға қолсұғылмаушылық бойынша) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.