Жанболат Найзабеков: 10 млн теңгеге аяқ киім алғанша, бір жақыныма баспана алып берем
«Өнер қырандары» театрының актері Жанболат соңғы кезде киноға түсуге жиі ұсыныс алатын болған. Комедиялық рөлдерді сомдап жүрген әртіс KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында гонорары, соңғы түскен фильмге қалай келгені және бренд киім кию туралы ойын бөлісті. Жанболат Найзабековтың сөзінше, қазір оған киноға түсуге ұсыныс көбейген.
Алайда ол комедиялық емес, басқа да рөлдерді сомдағысы келетінін жасырмайды. «Барлығы дерлік комедия бағытында. Сондықтан көп жағдайда ойланамын.
Сценарий, ұсыныстарды сараптап барып шешім қабылдаймын.
Себебі бір типажда ойнай беру актерді де жалықтырады», — дейді ол. Оған өзі соңғы түскен фильм де комедиялық рөл бұйырған. «
Жұлдыз (Әбдікәрімова — ред.еск.) екеуіміз академия қабырғасынан бірге жақсы араласамыз. Әңгіме барысында «кино түсіру жоспарда болса хабарлас, бірге түсірейік» деген едім. Оның «Ажырасам» фильмінде де әдеттегідей комедиялық рөл сомдаймын. «Әйелімнің төртінші күйеуімін» «, — дейді Жанболат қалжыңдап.
Актер әлі гонорарын алмағанын айтады. «Қанша алатынымды да білмеймін. Табыс түскен соң, Жұлдыз ренжітпеймін деп уәде етті», — дейді ол.
Сондай-ақ портал тілшісі Жанболат Найзабековтен шоу-бизнес өкілдерінің ортасында «норманы көтеру үшін бренд киіну» туралы ойын білді.
«Ақшасы артылып жатса, өзі білсін. Бірақ,өзім 10 млн теңгеге бір аяқ киім алғанша, бір жақыныма баспана алып берем. Норманы көтеру үшін бренд кию керек емес, көп еңбек ету керек. Сол миллионның аяқ киімі өзі ұшып жүрмейді ғой. Ал бір мұқтажға көмектессеңіз, оның алғысымен өркеніңіз өсіп, еңбегіңіз жанып, Алла алдында мәртебеңіз өседі», — деп сөзін түйіндеді актер.