Жанна Орынбасарова хиджаб киген әріптестеріне ызалы
Отандық танымал әнші Жанна Орынбасарова өнер жұлдыздарының орамал тағып, орануына қарсылық білдірді. Оның айтуынша, сахнада жүріп оранып алған қыз-келіншектер өз сөздеріне өзі қайшы кеп жүр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
“Меніңше, бұл дұрыс емес. Неге десеңіз, олар өз сөздеріне өздері қайшы келіп жүр. Себебі, олар айтқандай, әйелдері оранып, беттерін бүркеп жүретін елдер сахнаға шығуға мүлде қарсы. Ал бұлар соларға еліктеп «анау харам», «мынау харам» дейді де, қастарына татуаж, бетеріне бояу, еріндерін екі елі қылып өсіріп алып, сахнада жүреді. Сонда ол харам емес пе?! Кімді алдағылары келеді. Керісінше, қазақтың тарихында ән айтып, күй шертіп, жыр төккен жандарды дастарханның төріне отырғызған емес пе еді?! Біздің ата-дәстүріміз қайда қалды сонда? Осыған зығырданым қайнайды”, – дейді әнші наразылық білдіріп.
Сондай-ақ әнші өнерге таласы бар жастарға қолдау көрсету керегін айтты. Онымен қоймай, бір кездері әріптестерінің Димаш туралы сынына жауап берді.
“Бір кездері жастар арасында шыққан әндердің дені күйдім-сүйдімнен аспайтын еді, ал кейінгі толқын мотивациялық туындылар ұсынып жүр. Осыған қуанамын. Бір жақсысы, қазіргі жастарға талантын танытудың жолы өте көп. Әлеуметтік желіден өзге, алыс-жақын елдерде ұйымдастырылатын түрлі байқауларға қатысуға да мүмкіндіктері бар. Соның бір мысалы ретінде Қытайда өткен байқау арқылы жұлдызы жанған Димашымызды айта аламын. Димаш біздің бағымызға берілген бала ғой. Оны Кеңес кезіндегідей «дауысы қойылмаған» деп сөгудің қажеті жоқ. Ол кезде қазіргідей музыка өнері жан-жақты дамымаған еді. Сондықтан бірсарындылық, бірізділік басым болды. Дауысы былай тұрсын, қазір ол қандай ән айтатынына дейін өзі шешіп жүр. Ол үшін үлкен талғам мен білім қажет. Ал Димашта оның бәрі бар”, – деді ол Димашқа айтылған сынның орынсыз екенін жеткізіп.