Жапония Семейдегі ядролық сынақтардан зардап шеккендерге 4 миллиард теңге көмек бермек

Жапония Семейдегі ядролық сынақтардан зардап шеккендерге 4 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетпек. Бұл туралы Altyn-orda.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қаржы Семейдегі ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсететін Университеттік ауруханаға медициналық жабдықтар алу үшін жұмсалады.
“Грант қаражаты есебінен магнитті-резонанстық томограф, компьютерлік томограф, видеоэндоскопиялық жүйе, жасанды қан айналымы аппараты және ауыр науқастарды диагностикалау мен емдеуге қажетті басқа да медициналық құрал-жабдықтар сатып алу жоспарлануда”, – делінген министрлік жауабында.
Айта кетейік, Жапония мен Қазақстанның осы саладағы ынтымақтастығы бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2002 жылдан бастап Семейде жапон тәжірибесіне негізделген радиациядан зардап шеккендерді есепке алу жөніндегі мемлекеттік тіркеу жүргізілуде.
Еске салсақ, бұған дейін Семейдегі ядролық полигонның жері британиялық компанияға алтын өндіруге берілгені туралы жазған едік.
