Жары — америкалық. Бейбіт Шүменов туралы не белгілі?

Астанада сауда орталықтарының бірінде танымал спортшы Бейбіт Шүменов бала ұстаған ер адамды соққығаны жыққан. Massaget.kz басы дауға қалған Шүменов туралы не белгілі екеніне шолу жасады.

Бейбіт Шүменов кім?

Бейбіт Шуменов 1983 жылы 19 тамызда дүниеге келген. Ол — 2004 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы.

Instagram/beibitshumenov

2004 жылғы Филиппиндегі Азия чемпионатының алтын медалін, 2003 жылғы Үндістандағы алғашқы Афро-Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алған. Бейбіт Шүменов екі салмақ дәрежесінде чемпион атанған жалғыз қазақстандық кәсіпқой боксшы атанған. Ол WBA атағын орта ауыр салмақта және бірін ауыр салмақтағы дивизионда жеңіп алған.

«Жұрт біле бермейді». Шүменов жан сырын ақтарды

Кейінгі жылдары берген сұхбаттарының бірінде ол көп адам біле бермейтін сырын ашқан еді.

Көп жұрт біле бермейді. 2008 жылы сол көзімнен жарақат алдым. Сол жарақаттың әсерінен екі жыл сол көзім көрмейтұғын. 2010 жылы Әлем чемпионы болған кезде бір көзбен ұтқан тұғынмын. 2010 жылы Әлем чемпионы болғаннан кейін көзіме операция жасаттым. Көзім көріп кетті, — деген еді спортшы The Эфир бағдарламасына берген сұхбатында. 

«Бокстан кеттім». Шүменовтің спорттан кетуіне не себеп болды?

2017 жылы маусымда Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы (WBA) қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменовті тұрақты чемпион белбеуінен айырған болатын. Шүменов испаниялық боксшы Дортикоспен 2016 жылы сәуірде жекпе-жекке шығуы тиіс болды. Алайда қазақстандық боксшы жаттығу кезінде көзін жарақаттап алып, сондықтан кездесу кейінге қалған. Дәрігерлер оған бокспен айналысуға тыйым салды. Кейін Бейбіт Шүменовтің жарақаты тым ауыр болуына байланысты спортпен қош айтысқаны жарияланған еді. 

Өкінішке қарай, WBA атағынан бас тарттым және жекпе-жегімнен бір апта бұрын алған көз жарақатына байланысты бокстан кеттім. Бокс карьерам осылай аяқталғанына қатты қынжыламын. Көру қабілетім әлі де нашар, келесі айда тағы бір ота жасау керек, соқыр болып қалмау үшін тәуекелге бармадым, — деп келтірген еді боксшының сөзін boxingscene.com.

Алайда кәсіпқой боксқа қайта оралған Бейбіт Шүменовтің Астанада WBA (Regular) чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жек өткізетіні 2017 жылы мамырда белгілі болды. 2018 жылы ол түркиялық қарсыласы Хизни Алтункаяны жеңіп, WBA (Regular) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Ол 2016 жылдың мамырынан бері рингке шықпаған еді.

АҚШ-тағы құны 4 миллион доллардан асатын үй

2019 жылы БАҚ-та қазақстандық боксшы, орта салмақта WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Бейбіт Шүменов Америкадағы үйін сатып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Las Vegas Now мәліметінше, үш қабатты зәулім үйдің ауданы 2,8 мың шаршы метр, ол Лас-Вегастың элиталық ауданында орналасқан. Сатылымдағы бағасы 4,75 миллион доллар болды. Үйде алты жатын бөлме, тоғыз ванна, кинотеатр, лифт және вино қоюға арналған қоймасы бар. Сатып алушыға 50 сотық жер де бұйыратыны айтылды. 

Америкадағы өмірі

Спортшы ұзақ уақыт Америкада тұрды. Ол ағылшын тілін үйренуге мәжбүр болғанын да айтқан еді.

2007 жылы Америкаға барғанда, ешкімді танымайтын едім, ағылшын тілін білмейтін едім. Бәрі америкалық болғаннан кейін 1 айдың ішінде сөйлеп кеттім. Ағылшынша әріптен бастап 2 жыл оқыдым. Қазір тірліктерді жүргізуге, жазуға қиналмаймын, — деген болатын спортшы.

Шүменовтің жеке өмірі

2016 жылы боксшы Instagram желісіндегі парақшасына қызбен түскен суретін жариялады. Бұл сурет жұрттың қызығушылығын туғызды. Қоғамда оның сүйіктісі америкалық деген болжамдар тарады.

БАҚ пен әлеуметтік желіде де оның таңдаған өмірлік серігі қазақстандық емес, шетелдік екені айтылды.

«Кім болса да еліктіргіш әйел екен», «Махаббат гүлі солмайды!!!», «Қызың ба, орыс па, америкалық па» — деп сұраған еді одан әлеуметтік желідегілер.

Ал 2018 жылғы сұхбаттарының бірінде спортшы басы бос екенін, мейірімді, кішіпейіл қыздар ұнайтынын айтқан еді.

Мен бойдақпын. Жақсы қыз тауып, үйленетін жоспарлар бар, — деген еді 5 жыл бұрынғы сұхбатында. 

Желі қолданушылары Бейбіт Шүменовті кейінгі жағдайға байланысты айыптап, күшін рингте көрсетуі керек екенін жазған.

«Атақты және бай Бейбіт Шүменов Астана қаласында, сауда орталығында қолында баласы бар ер азаматты соққыға жықты. Бейбіттің бала-шағасы жоқ па?», «Кім болса ол болсын түсіністікпен қарау керек, кішентай бала тұр ғой қолында» — деген олар.

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы ірі сауда және ойын-сауық орталығының фудкортында төбелес болып, қолында кішкентай баласы бар адамға екінші ер адам шабуыл жасағаны хабарланған еді. 

Кейінірек полиция осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ал ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сұнтаев Астанадағы кафеде ер адаммен төбелескен адам боксшы Бейбіт Шүменов екенін растады.