Жетісайдағы өрт: Көршілері оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Жетісайда болған алапат өрттен қаза тапқандардың барлығы бір әулеттің мүшелері екені белгілі болды. Олар үш ағайынды екен. Әулеттің барлық мүшелері көрші ауылдағы ағасының ұлының сүндет тойынан оралып келе жатып, Алғабас ауылындағы туыстарының үйіне түнеген деп хабарлайды Otyrar.kz ке сілтеме жасаған  Altyn-orda.kz

Түн ортасында 360 шаршы метрді құрайтын екі қабатты коттедж отқа оранып, 12 адам көз жұмды. Өрт салдарынан үй иесі мен оның отбасының барлық мүшелері қаза болды. Көршілері оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Қалиберген Божымбетов, көршісі: «Электр қуатыныңы қысқа тұйықталуынан болған деп естідім. Мен келгенде жедел жәрдем, полиция, өрт қызметі бәрі жүр екен. Тәртіп сақшылары куәгер болыңыз деп шақырды. Іштегінің барлығы да өртеніп кеткен. Бұлардың көшіп келгеніне 3 жыл болған. Әкесі үйді салған соң қайтыс болған. 1994 жылғы Дәурен отағасы, 4 баласы бар болатын. Бұлар үш ағайынды. Кеше бұлардың жанұясында той болған. Біреуі осы жерде, біреуі көрші ауылда тұратын. 15 адам болған мұнда. Той тойханада болған. Осы үйдің отағасының ағасы той жасаған».

Қанайым Жүнісова, көршісі: «Таңғы сағат 5:05 кеткенде көрдім. Келіншегі «апа, құтқарыңдаршы» деп айқайлап тұр екен. Ол келіншек уланып қалған. Сыртқа шыға алмай тұрды. Көршілерге жүгірдім. От лаулап жанып жатыр екен. Барлық көршілерге жүгірдім. Біреуі оянды, біреуі оянбады. Менің балам бір баласын алып шықты.  Егіздің сыңарын алып шықты».

Қазір үй иесінің анасы, ағасы және ағасының қызы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Құрбан болғандардың арасында 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2019, 2021 және 2024 жылы туған балалар бар.

 

Түркістан облысындағы трагедия: үкіметтік комиссияны Қанат Бозымбаев басқаратын болды