Жетісу облысында 15 жастағы оқушы қыз із-түзсіз жоғалып кетті

Жетісу облысының полицейлері Панфилов ауданы, Әулиеағаш ауылында із-түзсіз жоғалып кеткен 15 жастағы оқушы қызды іздестіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NewTimes.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоғалғанына екі күн болған Айзере Ербосынның қайда кеткені белгісіз. Оқиғаға байланысты қазір іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

«4 маусымда кәмелетке толмаған бала үйден белгісіз бағытта шығып кетіп, әлі оралмаған», — делінген полиция хабарламасында.

Мектеп оқушысы қара жемпір, қара джинсы шалбар мен ақ спорттық аяқ киімде болған. Ол орта денелі, қоңыр көзді, ұзын, жауырыннан төмен түсетін қара шашты.

Кәмелетке толмаған баланың жүрген жері туралы ақпарат білетін кез келген адам полицияға 705 519 1021, 707 786 4630, 771 492 1007 немесе 102 телефондарына хабарласуын сұрайды.