Жетісу облысында тәрбиешілер балаларды қылқындырып, соққыға жыққан (видео)
Жетісу облысы Жаркент қаласында тәрбиешілер балаларды қылқындырып, соққыға жыққан. Бұл туралы Altyn-orda.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Головацки ауылы «Жаскент бөбекжай-бақшасы» ЖШС-да орын алған жағдайға қатысты ақпарат тарады.
2024 жылдың 14 мамыр күні кешкі уақытта «Жаскент бөбекжай-бақшасы» ЖШС «Құлыншақ» тобының тәрбиеленушісі Мұхаметқали Аяулым Әділетқызының анасы Г.Шаймерденова қызының аяғындағы сырылған жарақатты көріп, «Жаскент бөбекжай-бақшасы» ЖШС-дағы бейне-бақылау камераларынан тәрбиешінің қызына қатысты дене жарақатын алып келетін іс-әрекетін анықтап, құқық қорғау органдарына шағымданған.
Головацкий ауылындағы «Жаскент» жекеменшік балабақшасы 2023 жылы қараша айында 210 орынға ашылған. Бүгінгі күні балабақшада 1 мектепалды, 3 кіші, 3 ортаңғы, 2 ересек топ жұмыс жасайды, бала саны 210. Мекемеде 9 тәрбиеші өз мамандығы бойынша қызмет атқарады.
Оқиға болған топтың тәрбиешісі көпбаланың анасы екені белгілі болды.
«Оқиға болған топтың тәрбиешісі Жуманова Гульмира Ертугановна жоғарыда аталған балабақшада 2023 жылдың 1 қараша айынан бастап тәрбиешісінің көмекшісі, 2024 жылдың ақпан айынан бастап тәрбиеші лауазымында еңбек етеді. Білімі арнаулы орта, мамандығы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, еңбек өтілі 2 жыл, санаты жоқ. Әлеуметтік статусы көпбалалы ана, 6 баласы бар”, – делінген хабарламада.
Тәрбиешінің балаларды ұрғаны дәлелденген.
«Ата-ананың шағымынан кейін, 2024 жылы 14 мамыр айында түнде аудандық полиция бөлімі тарапынан тексеру амалдары жүргізіліп, тәрбиешіден түсініктеме алынды. 15 мамыр күні білім және полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен балабақшада бақылау камералары қаралып, тексеру жұмыстары жалғасты. Топтардағы бейнебақылау камераларынан Г.Е. Жуманованың «Құлыншақ» кіші тобындағы баланы ұрғаны көрініп, дәлелденді”, – делінген хабарламада.
Балабақша әдіскері Акмуллаева Бахитгуль Акимовна, тәрбиешінің көмекшісі Орынтай Ұлданай Кентайқызы, тәрбиеші Жуманова Гульмира Ертугановна 2024 жылдың 15 мамыр күні жұмыстан босатылған.
Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексi 140-бап 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.