Жетісу облысының екі ауылына қайтарылған активтер қорынан 480 миллион теңге бөлінді

Қазақстанның Арнайы мемлекеттік қорынан Жетісу облысындағы екі ауылдың сумен жабдықтау жүйесін дамытуға 480 миллион теңге бөлінді. Қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды салу мен жаңғыртуға бағытталған қайтарылған активтерді пайдалану бағдарламасы аясында бөлінген, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Алакөл ауданының Қоңыр ауылында ұзындығы 17 шақырым жаңа су құбыры желілері салынады, ал Қаратал ауданының Үмтыл ауылында – шамамен 5 шақырым. Жұмыстар аяқталған соң мыңнан астам тұрғын таза ауыз суға қол жеткізеді.

Жалпы 2025 жылы Жетісу облысында сумен жабдықтау саласында 18 жоба жүзеге асырылуда. Бағдарлама нәтижесінде облыс ауылдарының 99,9 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Бұл – шамамен 697 мың адам тұратын 329 елді мекен.

Қайтарылған активтер есебінен инфрақұрылымды қаржыландыру бағдарламасы өңірлердегі өмір сапасын арттыруға және мемлекетке деген сенімді күшейтуге бағытталған.

Altyn-orda.kz