«Жолаушыға көмек қолын созған»: Досаев көптің ықыласына бөленген автобус жүргізушісін марапаттады (фото)

Алматыда мүгедектер арбасындағы жолаушыға көмек қолын созып, көптің алғысына бөленген автобус жүргізушісіне мегаполис әкімі Ерболат Досаевтың атынан алғыс хат табысталды.

Бұл туралы Altyn-orda.kz         KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазғаны жайлы хабарлайды. 

Бұған дейін экобелсенді Евгений Мұхамеджанов әлеуметтік желіде мүгедектер арбасындағы жолаушыға қоғамдық көлікке кіруге көмектескен автобус жүргізушісінің әрекетіне риза болғанын жазған еді. Бұл жарияланымға қала тұрғындары жылы лебіздерін қалдырып, жүргізушіге алғысын жеткізген. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, желі қолданушыларының сүйіспеншілігіне бөленген №66 қалалық маршруттың автобус жүргізушісі Қанат Ахметов.

Қала басшысы Ерболат Досаевтың атынан жүргізушіге бағалы сыйлық пен Алғыс хат табысталған. «Алматыэлектротранс» автопаркінің басшысы Александр Бейсембиев оның кәсібилігін және бауырмалдығын ерекше атап өтті.

Автобус жүргізушісі Қанат Ахметовке алғыс хат табысталып жатыр.

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Ал автобус жүргізушісі Қанат Ахметовтің айтуынша, мұндай жағдайда кез келген әріптесі қарап тұрмай, көмек қолын созады.

«Біз жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, сонымен қатар күн сайын адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығына мән береміз. Кез келген әріптесімнің осындай игі істі атқаратынына сенімдімін», — дейді Қанат Ахметов.

Айта кетейік, Қанат Ахметов төрт бала тәрбиелеп отырған әке. Оның «Алматыэлектротранс» автобусының жүргізушісі болып жұмыс істеп жүргеніне бір жылдай уақыт болған.

 

 

kaz.nur.kz