«Жолға таласып ұрып кетті»: Полиция жалғызбасты әйелдің шағымына байланысты іс қозғалғанын хабарлады

Шымкентте жұрттан көмек сұраған Адина Абай полицияның әрекетсіздігіне шағымданды. Ол жолға таласып өзін ұрып кеткен ер адамның табылмай жатқанына алаңдап, көпшіліктен көмек сұрады.  Оқиға 14 қараша күні кешке болған деп хабарлайды  orda.kz

 

 – Жұмыстан үйге келе жатқанда Джип автокөлігіндегі кісілер, яғни анасы мен баласы аулаға кіре бергенде жолға таласты. Балағаттап, сол жерде мені ұрып қашып кетті. Есім кіресілі-шығасылы болып отырғанда анасы ақша ұсынды. «Ақшаны алып, мұрныңды емдетіп ал» деді, – дейді Адина Абай.

 

28 жастағы жалғызбасты әйел таяқ жегеннен соң Шымкенттегі 1-қалалық клиникалық ауруханаға түскен. Қазір ем қабылдап жатыр. Оқиға болған күні де, одан кейін де учаскелік полицияға арызданған.

– Бірінші күні Дидар деген полиция келді. Арызымды қабылдамады. Одан мардымды жауап болмаған соң тағы полиция шақырдым. Нұрдәулет деген жігіт келді. Арызымды алып кетті. Ауруханада жатқаныма үшінші күн болды. Бірде-бір полиция қызметкері келген жоқ, жағдайымды білген жоқ. Телефонмен хабарлассам көтермейді. Әділдік іздеп отырмын. Көмек берулеріңізді сұраймын, – дейді арызданушы.

Адина Абай жалғыз қызымен пәтер жалдап тұрады. Қазір қызын туыстарының үйіне жіберіп, сабақтан алып қалуға мәжбүр болған.

Әйелдің видеошағымынан соң қалалық полиция департаменті іс қозғалғанын хабарлады. «Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабымен (107-бап) қылмыстық іс қозғалды. Тексеру жүргізіліп,  күдікті анықталып, жеткізілді. Сараптама тағайындалды, тергеп-тексеру амалдары басталды» делінген хабарламада.

 
 
ТегтерПолиция