АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

Қазақ мектебінің көбейгеніне кім қарсы?

[:kz]

Осы күні Талғар қаласының оңтүстігінде тұратын тұрғындар мазасыз. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» болса бір жөн ғой, мәселе – тіл. Тіл болғанда да безбеннің бір басында – қазақ тілі, екінші басында – орыс тілі тұр. Тіпті, орыс тілінің салмағы басып бара жатқанға ұқсайды.

Осыдан бірер жыл бұрын Талғар халқы «жаңа әрі таза қазақ тілінде оқытатын мектеп салынатын болды» деп қуанған-ды. Ол өңірлік, республикалық БАҚ-та да жарияланды. Мектеп құрылысы үшін жергілікті халық талай құқайды көріп, енді қолы жеткенде оның тең жартысын орыс тілді жұртқа арнамақ.

Орыс тілді сынып ашылғасын қаракөз қазақ азаматтары да балаларын «орысша білім алсын» деп сол жаққа бағыттауда. Бұл Ұлттық ономастиканың басында тұрған Ішкі саясат басқармасының қателігі емей немене?

«Жаңа мектепті аралас жасау үшін шалғайда тұратын орыстілді балаларды «күштеп» осы мектепке ауыстырып жатыр» деген пікір жиында айтылып қалды.

Тіпті, балаларын қазақ тілінде оқытуға келген ата-аналарға «мектеп биыл ашылмайтын болды» деген жалған ақпар беріп, үйлеріне де қайтарып жіберген. Неге? Себебі, қазақтілді балалар саны басым болып кетсе, үлкен шу болары белгілі. «Қазір мектептен талон алған балалардың тең жартысы орыс тілінде оқығысы келеді» дейді жергілікті басшылық. Осыдан кейін әуелден «қазақ тілінде білім береді» делінген мектеп қос тілді білім беруге дайындала бастапты. Әлі ол нақты шешіліп, Жарғы шықпаса да орыс сыныбына қабылданатындарға талондар таратыла бастаған. Бұл заңға қайшы емес пе?!

Аталған мектепте екіұшты мәселе баршылық. Аудандық білім бөлімінің басшысы талай жайтты түсіндіргісі келсе де, шикіліктер жер-жерден шығып жатты. Мектептің фойесіндегі мына қабырға аралас мектеп дизайнымен салынған. Себебі, қазақ және орыс тілі қатар тұр.

Ал, білім бөлімі «оқуға орыс тілділер келгесін, сұраныс болғасын қабылдап жатырмыз» деп ақталғандай болған. Ал, мына қабырға тақтасындағы мектептің толық төлқұжаты. Оқыту тілін қазақ және орыс тілі деп, кейіннен орыс тілін жасырып қойыпты. Онысы көрініп тұр.

Бәрін айт та, бірін айт бұл мәселенің түйіні әлі тарқамасы анық. Себебі, облыстан келген басшылар «егер оқу жылы басталғанша 1000-ға жуық қазақ тілінде оқуға құлықты бала таба алсаңыздар мектеп толық қазақ тілінде білім береді» деп қалды. Әзірге небәрі 400-дей ғана бала өтінім білдірген.   

[:]