АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Қазақ президенті демалысын ұзақ жүзуден бастады»[:]

[:kz]

Түркиялық Hurriyet Daily News вебсайты жариялаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (ортада тұр) ұқсас адамның суреті.

Түркиялық Нurriyet Daily News вебсайты «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті демалысын Бодрумда өткізіп жатқаны» туралы суреттер жариялады. Көп ұзамай сайт Қазақстанда ашылмай қалды.

Түркиялық Нurriyet Daily News басылымының жазуынша, «Соңғы тоғыз жыл бойы жазғы демалысын Бодрумдағы бір қонақ үйде өткізіп келе жатқан» президент «қазақ кәсіпкері Алиджан Ибрагимовтің яхтасында болған».

Шілденің 28-сінде басылым ағылшын тіліндегі вебсайтында «президент Нұрсұлтан Назарбаев» деп сипаттап, Эгей теңізінің жағажайында жүрген және суда жүзіп бара жатқан ер адамның бірнеше суретін жариялады. Аса сапалы деуге келмейтін фотолардың бірінде сырт пішіні президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұқсайтын адам суға түсетін киіммен жағажайда тұр, оған жанындағы адамдар сүлгі ұсынып жатыр.

Тағы бір суретте жүзу бас киімін киген «президент» оңаша жағажайда бірнеше адаммен жүзіп жүр. Басылым «президенттің» суда ұзақ шомылып, бұдан соң алты сақшысының ортасында 20 минут жаңбыр астында серуендегенін жазады.

Фотогалереяда «қазақ бизнесмені Алиджан Ибрагимовтің яхтасы» деп сипатталған бір кеменің суреті де бар. Басылым «президенттің осы яхтада да демалғанын» баяндайды. Қазақстандағы ең дәулетті 50 адамның қатарына кіретін Алиджан Ибрагимов — металл өндіру және сатумен айналысатын кәсіпкер, Eurasian Resources Group және International Mineral Resources II B.V. компанияларының үлескері.

Бұдан бөлек, курорттан түсірілген тағы бірнеше сурет жарияланған. Нurriyet Daily News бірнеше күн ішінде президенттің осы маңға жақын орналасқан Грекия аралдарына баратыны, ол жақта тағы екі апта болатынын жазады.

РЕСМИ ЖАУАП ЖОҚ, ВЕБСАЙТ АШЫЛМАЙДЫ

Азаттық тілшісі «президенттің Түркиядағы демалысына байланысты» Қазақстанның президент әкімшілігіне хабарласты. Әкімшілік қызметкерлерінің бірі: «Біз президенттің тек жұмысқа шыққан кезіндегі мәселелерге қатысты жауап бере аламыз» деп президенттің іс басқармасына хабарласу керектігін айтты.

Ал президент іс басқармасының баспасөз хатшысы Елена Клевецкая Азаттық тілшісіне президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қайда демалып жатқаны туралы ақпарат жоғын айтып, ресми сауал жолдауды сұрады.

— Өкінішке қарай, бізде мұндай ақпарат жоқ. Бізге мұндай ақпараттар айтылмайды. Шын, білмеймін. Жауап бере алмаймын, — деді ол.

Eurasian Resources Group компаниясының баспасөз хатшысы Дмитрий Попазов Азаттықтың Hurriyet Daily News жариялаған «Ибрагимовтің яхтасы» туралы мәлімет жайында сұрағына бірден жауап бермей, жазбаша сауал жолдауды өтінді.

Өткен аптаның басында Ақорданың баспасөз қызметі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қысқа мерзімді демалысқа кеткені туралы хабарлаған еді. Бірақ президенттің қанша уақытқа кеткенін нақты айтпаған.

Демалыс күндері президент Назарбаевқа ұқсас адамның Бодрумдағы демалысы туралы фотогалерея жарияланған Нurriyet Daily News вебсайты Қазақстанда ашылып тұрды. Бірақ дүйсенбі күні бірнеше интернет провайдердің қызметін пайдаланып отырған қолданушылар Азаттыққа түркиялық БАҚ-тың вебсайты ашылмай қалғанын хабарлады. Сайтқа Азаттықтың Қазақстандағы бюроларынан да кіру мүмкін болмай тұр. Бұның себебі туралы Азаттық тілшісі Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

Шілде айында Орталық Азия елдерінің бірнеше басшысының жазғы демалысқа шыққандары туралы ақпарат жарияланған. Дүйсенбі күні Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің де шілденің 30-ы күні бір апталық қысқа мерзімді демалысқа кеткені хабарланды. Ақпарат бойынша, ол жазғы демалысын Ыстықкөлде өткізеді.

Шілде айының басында Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің де демалыс алып, елдегі «Аваза» ұлттық туристік аймағында шығармашылық және спортпен айналысып жатқаны туралы ақпарат шыққан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы рет ресми демалысқа 2017 жылғы шілденің 21-інде шыққан. Ол 2017 жылы қыста және жазда екі мәрте демалыста болды.

azattyq.org

[:]