Еліміздегі қандастардың қатары 11 миллионыншы тұрғынмен толығып, жалпы көрсеткіште 65,2 пайыздан асқанымызды Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың өзі хабарлады.
– Қазақ ұлты өкілдерінің барлық демографиялық құбылыстарын ескере келе 11 миллионыншы қазақтың туған күні
2012 жылдың 28 желтоқсаны екендігі анықталды. Оны есімін білу мақсатында Агенттік статистикалық әдіснамаға сәйкес 2012 жылдың «Халықтың табиғи қозғалысы» дерекқорынан республика бойынша 2012 жылдың 28 желтоқсанында АХАТ органдарымен тіркелген сәбилердің арасында іздеу жүргізді. Атап айтатын жайт, үміткерді анықтау кезінде бірнеше нәрестенің туған күндері сәйкес болған жағдайда артықшылық қайсысының туу реті жоғары, ал тіркелген күні туған күніне мейілінше жақын мерзімде жүргізілгеніне қарай берілді. Нәтижесінде осы күні АХАТ органдарында екі жаңа туған нәресте дәл туған күні кезінде тіркелгені белгілі болды. Оның ішінде жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес 11 миллионыншы қазақ ретінде анасынан туу кезектілігі бойынша 4-туған ұл бала анықталды, – дейді агенттік төрағасы.
Иә,осылайша қазақты қуантқан нәрестенің есімі – Мұхтар Абдрахым. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қарабау ауылында тұратын Мәлік Бадамбаев пен Шолпан Күдірбекованың отбасында төртінші болып дүние есігін ашқан оның бойы – 52 см, салмағы – 3258 граммды құрайды. Алты алашты алақайлатқан балақайдың әкесі Мәлік ауыл шаруашылығымен айналысса, анасы Шолпан мектепте мұғалім екен. Жасы 29-дағы Шолпанның білім ұясында елдің баласын оқытып, тәрбиелеп, өзінің аналық парызына да барынша адалдық танытып төртінші сәбиін дүниеге әкелуі тамыры тарихтан тартылған қазақ келінінің бүгінгі келбетін көрсетеді.
Тиісті орындар кеше ғана есептеп шығарғандықтан, ресми түрде жарияланғанға дейін Бадамбаевтар отбасы бесікте жатқан бес айлық ұлдың 11 миллионыншы қазақ екендігін білмеген. Статистика агенттігінің аймақтық органындағы өкілдер мен жергілікті әкімдік қызметкерлері және журналистер қауымы хабардар болғаннан кейін ғана ауылға аттанып шаңырақ иелерін құттықтағанда, ерлі-зайыптылар мен олардың ағайын-туысы, көрші-қолаңы таң-тамаша күйге түсіп, бес айлығында бүкіл ауылдың атын аспандатқан Мұхтарға барлық ізгі тілектерін жаудыртып жатыр.
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Астана