CӨЗ БАСЫ
Қазақ халқы 15-ші ғасырдың ортасынан өте бере өз атымен мемлекет құрып, тарих сахнасына шықты. Биыл сонау тарихи оқиғаның – Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады.
Бұл, сөз жоқ, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсетін, көптен аңсаған, үміт арта күткен мерейтой, ұлы той болады. Осынау мерейлі датаны атап өтуге дайындық барысында халқымыздың (қазақтар мен арамызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің) барша буыны бойында патриоттық, отансүйгіштік, еліміз үшін мақтана алушылық сезімді ұштауға бағытталған маңызды іc-шаралар міндетті түрде жүзеге асырылады. Мемлекеттілігіміздің айтулы датасын биік дәрежеде мерекелеуге бел бууымыз бүгінде әркімнің қазақ атымен мемлекет құрған тарихымызды тануына, тиісінше, өзін-өзі тануына, жастарымызды тарих арқылы тәрбиелеуге кең жол ашып отыр. Осындай көтеріңкі рух жетегімен біз қазақ атымен әлемдегі дербес мемлекеттік құрылымдар қатарына қосылған мемлекетіміздің тарихына көзқарасымызды қағазға түсіруге бел байладық.
Біз мұның оңай шаруа емес екенін түсінеміз. Өйткені біздің тарихи ғылымымыз да, қоғами санамыз да қазақ тарихына батыстық, еуроцентристік тұрғыдан қараудан толық бастарта қойған жоқ. Біз, тіпті, мемлекеттілігіміздің осынау соншалықты ұзақ мерзімге жата қоймайтын кесіндісінің өзін жоғарғы мемлекеттік деңгейде тұңғыш рет атап өткелі отырмыз. Сол себепті қазақ мемлекетінің тарихы хақында біздің өзімізше қорытқан көзқарасымыздың бір қайнауы ішінде қалуы әбден ықтимал. Бірақ біз адал ниетімізбен, мейлінше әділ деп білетін ойымызбен бөліскенді хош көрудеміз.
Біздің ойымызша, Қазақ хандығының 550 жылдығын арнайы атап өту, әрине, маңызды. Дегенмен осы салтанатқа дайындық жасау және оны өткізу барысында қазақтың мемлекеттілігінің бүткіл тарихын терең тануға тырысу, пайымдау, парықтау одан да маңыздырақ секілденеді. Қазақ хандығы яки Қазақ Ордасы – бұл қазақ халқының тарихтық сахнаға өз атымен, өзіндік атауымен шыққан кезеңінің басы. Бұған дейін қазақтар Шыңғыс империясының, Жошы Ұлысының, Шағатай ұлысының құрамында болды. Ұлығ Ұлыс (Жошы Ұлысы, Алтын Орда) пен Шағатай ұлысы сынықтарынан Ақ Орда, Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан тәрізді мемлекеттік құрылымдар пайда болғаны мәлім. Жәнібек пен Керей сұлтандар мемлекеттіктің жаңа сапаға, тарихи тұрғыда әділ сапаға ауысуына негіз жасап, Әбілқайыр хандығының ірі бөлігін Қазақ хандығына айналдырды. Cоның нәтижесінде тарих тұрғысынан өте қысқа мерзімде өзге мемлекеттік бірлестіктердегі қазақ ру-тайпалары Қазақ мемлекеті құрамына кірді.
Біз биыл 550 жылдығы аталғалы отырған сол оқиғадан бергі жағдайды қарастырамыз.
Ал қазақтың мемлекеттілігінің бастауларын, тереңге кеткен тамырларын осы салтанатқа дайындық барысында өтіп жатқан ғылыми конференциялар, түрлі дөңгелек столдар мен жиындар тереңірек қарастыра берер деген үміт бар.
Баршаға белгілі, Ұлы дала тарихы тереңде. Мемлекеттілігіміздің ғұндар заманында пайда болғаны күмәнсіз. Ғұндардың мүлтіксіз ұйымдастырылған шапшаң да жүрдек әскері болды. Олардың жауынгер жасақтары Еуразия төсінде құйындата шауып, түркі этносы мен түркі тілін Ұлы дала шегінен асыра таратты.
Одан сәл кейінірек, біздің дәуіріміздің 552-ші жылы, түркілердің Алтайдағы тайпалық одағы алғашқы түркі мемлекеттігін құрды. Ол түркі қағанаты деп аталды. 6-шы ғасырда пайда болған бұл қағанат адамзат тарихындағы ежелгі мемлекеттердің аса ірілерінің бірі еді. Сол шақта қазақ халқының ру-тайпалары түркі одағына кіргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, жаңа эраның 552-ші жылы қазақ мемлекеттілігінің де бастау алған уақыты болып табылады. Осыны тарихшы-ғалымдарымыз тиянақтап дәлелдеуге тырысатын шығар.
Егер біздің ғылыми ойымыз тоқырап қалмай, аталмыш датаны биік деңгейде мойындайтындай дәрежеге жеткізе дамыса, алла қаласа, енді жеті жылдан кейін елімізде қазақ мемлекеттігінің және қазақ жазуының 1470 жылдығы атап өтілетін болады.
Ал біз әзірге қазақ мемлекеті тарихына қысқаша шолу жасап, соған байланысты өзіміздің кейбір ойларымызды, өткен кезеңдердегі кей жайларға көзқарасымызды білдіріп байқамақпыз…
(Жалғасын «Алашорда» айдарында тұрған «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» тақырыбынан оқи аласыздар. Сілетемсі: http://abai.kz/post/view?id=4554).
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz