Қазақстанда диабетпен ауыратындар саны жыл санап артуда. Соңғы 10 жылда науқастар екі есеге көбейіп, 270 мыңға жетті. Бұл тек анықталған адамдар саны, өйткені, диабетке шалдыққандарын білмей жүргендер қаншама. Дерт білінбейді де, уақтылы ем қабылдамау мүгедектікке, тіпті, өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан Республикасының диабеттік ағарту қоры мен «Ново Нордиск А/С» компаниясы өкілдігінің «Абай бол: диабет жаныңда!» әлеуметтік жобасы қалыптасқан жағдайды жақсартуға бағытталып отыр.
Қазіргі заманауи қалалық өмір аурудың тез таралуына әсер етуде. Жүріс-тұрысы аз өмір салты мен үйлесімсіз тамақтану 2-типті диабеттің пайда болуының негізгі себебі. Елімізде тіркелген 93% жағдайда дәл осы түрі кездеседі. Өкініштісі, аурудың бұл кезеңі тек 5, кейде 10 жыл өткен соң ғана анықталады. Осы уақытқа дейін дерт денсаулыққа ауыр зардап тигізіп үлгереді.
«Диабет» сөзін көпшілік адамдар естіген болар. Бірақ, оның белгілерін және қаншалықты қауіпті екенін түсіне бермейді. Диабетпен тиімді күресудің екі жолы бар. Біріншісі – саламатты өмір салтын ұстану мен дұрыс тамақтану. Бұл 2-типті диабетті алдын алуының басты тәсілі. Екіншісі – халықты аурудың пайда болу мен белгілері туралы ақпараттандыру. Бұл қатер санатындағы адамдарды диабетке тексерілуге ынталандырады. «Абай бол: диабет жаныңда!» жобасы халық арасында диабетпен күресуге, оны алдын алуды насихаттауға бағытталған», дейді Қазақстандағы «Ново Нордиск А/С» компаниясы өкілдігінің басшысы Алексей Сакун.
Жоба ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, оған 130-дан астам ерікті қосылды. Көпшілігі студент-медиктер жобаның қозғаушы күшіне айналды. Биыл және келесі жылы еріктілер Алматыдағы 201 мектепті қамтып, диабет туралы оқушылар мен ұстаздар арасында дәріс өткізеді. Ата-аналар жиналыстарына қатысып, мектеп директорларымен бірлесе асханалардағы мәзірлер мен оқушылардың физикалық жүктемесі деңгейін тексереді. Мектеп белсенділерімен бірге спорттық ойын-сауықтық іс-шаралардың дайындығымен айналысады. Барлық шаралар оқушылар мен олардың ата-аналарының диабеттік сауаттылығын жоғарылатуды көздеп отыр. 2016 жылдың күзінде жоба Астана мектептеріне де енгізіледі деп жоспарлануда.
Ал 14 қараша – халықаралық диабетке қарсы күрес күні «Mega Almaty» сауда ойын-сауық кешеніне «Диабет ДНК-сы» арт-инсталляциясы қойылған болатын. Онда газдалған сусын, гамбургерлер, поп-корн, теледидар пульті және басқа зиянды әдеттер түрлері орнатылды. Арт-объект келушілердің диабет түйткіліне назарын аударып қана қоймай, қауіп санатында қаланың әрбір тұрғыны екеніне көз жеткізді. Бұл «Абай бол: диабет жаныңда!» жобасы аясындағы соңғы шара емес. Әлеуметтік жоба 2017 жылдың соңына дейін жалғасын таппақ. Ал қазір кез келген адам жоба шеңберінде 20 желтоқсанға дейін «Сұңқар» клиникалар желісінде диабетке тегін тексерілуден өте алады.
Ғазиза Райымбек.
http://egemen.kz/