АЛТЫНОРДА
Новости

 Абай мен Шәкәрім шығармалары

1 мамыр күні Абай атындағы опера және балет театрында Марат Бисенғалиев жетекшілік ететін Алматы симфониялық оркестрінің концерті өтеді. Алматы симфониялық оркестрі биыл қала әкімі Ахметжан Есімовтің қолдауы­мен құрылған болатын. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Би­сенғалиевтің үлкен ұжымды басқаруы бірінші рет емес. Ол осыған дейін Ал­матыда «Алтын алма» камералық ор­кестрін, Батыс Қазақстан филармониялық оркестрін, Үндістан симфониялық ор­кестрін аяғынан тұрғызып, еуропалық деңгейде танымал еткен. Енді қысқа уақыт ішінде қазақстандық және шетелдік музыканттардан жасақталған жаңа ұжымды әлемге әйгілі етуге бел байлап отыр.


Сонымен, кеш бағдарламасы екі бөлімнен тұрады. Марат Бисенғалиев солист ретінде өнер көрсетсе, белгілі француз музыканты Николас Краузе оркестрге дирижерлік етеді. Қадірменді қонақ қазіргі сәтте Париждегі «Nouvelle Europe» камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып қызмет жасайды. Осыған дейін Австрия, Италия, Венгрия, Чехия, Ресей, Польша және де басқа Еуропа мемлекеттерінде тәжірибе жинақтаған.
– Бұл концерт үлкен жолға шығар ал­дындағы халықтың ақ батасын алу десек те болады. Оның үстіне, көрерменнен сұрайтын сүйіншіміз де бар. «Deutsche Grammophon» дыбыс жазу студиясында Алматы симфониялық оркестрінің орын­дауында «Абай», «Шәкәрім» шығар­маларының СД дискісін шығардық. Менің өтінішім бойынша, оркестрге, хорға, ұлттық аспаптарға лайықтап жасаған британдық композитор Карл Дженкинс. Үнтаспа сәуір айының ба­сында жарық көрді. Бұл біздің мәде­ниетіміз үшін үлкен жетістік саналады. Өйткені аталмыш студиялар әлемдік деңгейдегі оркестрлермен келісімшартқа қол қояды. Сондықтан біздің ұжым Алматының даңқын шығаруға үлкен үлес қосып отыр деп айтуға болады. Тағы бір қуанарлығы, «Deutsche Grammophon» студиясынан шыққан таспалар дүние­жүзінің түкпір-түкпіріне тарайды. Абай мен Шәкәрім туындыларының қанат жаюына қол ұшын созған – Шыңғыстау­дан шыққан меценат, кәсіпкер Медғат Құл­жанов. Қазір Лондон қаласында тұрады. Ұлы ойшыл Шәкәрімнің тікелей ұр­пақ­тарының бірі. Бұйыртса, жаңа альбомды Ұлыбритания, Түркия, АҚШ, Қытай, Ресей және басқа елдерде таныс­тырып, тұсаукесер рәсімін өткізуді жос­парлап отырмыз, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Марат Бисенғалиев.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

http://www.aikyn.kz