АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Айдар БЕРІКҰЛЫ, студент: Ешкім жасамаған екі нөмір әзірлеп жатырмын

onerpaz_4Елімізде ерекше өнерімен ел-жұртты таңдай қақтыратын жастар аз емес. Солардың бірі – Алматы облысы Үшарал ауданының тумасы Айдар Берікұлы. Қазір Алматы мемлекеттік көлік және коммуникация колледжінде оқитын бозбала тісімен көлік сүйрейді. Жуан шегенің бірнешеуін қабаттап ұстап тұрып, қаңылтыр игендей майыстырады. Лапылдаған отты аузына салып, бірнеше секунд ұстап тұрады. Тақтайға қағылып, ұшы жоғары қараған шегенің үстіне жатып, кеудесіне бірнеше кісіні шығарады…

Қазір қолы босағанда тойда өнер көрсететін 20 жасар студентті редакциямызға шақырып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Айдар, бұл өнерді қай­дан үйреніп жүрсің?
– Менің Есімбек Тоқжігітов деген ағам бар. Сол кісі халық алдына шығып, осындай дүние­лерді көрсететін. Жас
 болған соң қызығасың. Бірақ ағам көп­ке дейін рұқсат берген жоқ. Өйткені қауіпті. 18-ге толғанда алдымен танауға шеге «қағуды» меңгердім. Сөйтіп, бірте-бірте алып кеттім. Бұл өнермен шұ­ғыл­данғаныма биыл екінші жыл.
– Мұрынға шеге «қағу» – адамның жанын түршіктіретін көрініс. Дегенмен оны си­қыр­шылық өнерге балайтын кісілер де бар.
– Жоқ, бұл сиқыр емес. Адам­ның танау қуысы болады. Мұны медицина мамандары жақ­сы біледі. Шегенің ұшы сол қуысқа тура дәлденсе, еш қаупі жоқ. Тек бұл нөмірді көрсет­кенде аса абай болу керек.
– Ұшы сояудай-сояудай шегенің үстіне жатасың, кеу­деңе кісі шығарасың, санап көрдің бе, сол тақтайда неше шеге бар?
– Оны санамай-ақ білемін. Себебі өзім өзірледім ғой. Ас­тыға төсейтін тақтай үлкенірек болған соң, ондағы шеге саны да көп – 650. Соны арқама қо­йып, жатам да, салмағы үлкен кісі­лерді үстіме шығарамын. Алайда көп адамдар жалаңаш денеңе аяқпен шығуға қинала­ды, дені бас тартады. Сондық­тан екінші тақтайды дайындадым. Мұнда 280 шеге бар. Ше­генің ұшы шыққан жағын кеу­­­­­­де­­­ме қаратып қоям да, «ал енді дайын «тепкішекке» шығы­ңыз» деймін.
– Денеңе шеге кірген, жа­ра­қат алған кезің болды ма?
– Шеге кірген жоқ, бірақ бір рет табанымды оңдырмай әй­нек тілді. Шегенің орнына кейде жұрт көзінше бірер бөтелкені күл-талқан етіп шағып, соны жалаң­аяқ таптаймын. Үстіне жатып, кеудеме кісі шығарамын. Сондай кездің бірінде табанымды әйнек орып түсті.
– Ұзындығы екі-үш қарыс темірдің ұшындағы шүберек лапылдай жанып тұрады. Сен оны сол күйінде аузыңа сала­сың. Ол бензинге маты­рыл­ған ба?
– Жоқ, бензин емес, керосинге матырылған. Себебі бензин өшпей қояды. Мен солярканы да пайдаланып көрдім. Оның иісі жаман, бүкіл залды алып кетеді.
– Отты аузыңда бірнеше секунд ұстап тұрасың. Сосын отты алып тастап, үрлегенде бұр­қырай жалын шығады. Сырттан қарағанда адамға от аузыңнан емес, өңешіңнен шығып жат­қан­дай көрінеді. Қалай күймейді аузың?
– Күйеді. Алғашында тама­ғымның бәрі күлдіреп кеткен. Суланып, көпке дейін жазылмай жүрді. Кейін біртіндеп үй­рендім. Алайда осы нөмірді көрсеткен сайын, екі езуім ақ­жемденіп ке­теді. Меніңше, от жұту, отты ауызға салу денсау­лыққа зиян секілді. Өйткені қан­ша дегенмен оттың ысы болады ғой.
– От жұту дейсің, сонда лапылдаған жалынды жұта­сың ба?
– Бұл енді сәттік дүние. Се­кундтті бірнеше бөлікке бөлсе­ңіз, соның бір бөлігінде ғана орын­далатын нәрсе. Отты ауыз­ға салып тұрғанда дема­луға бол­майды. Демді ішке тартқан­да жалын бірге кетеді. Сол себептен ауыздағы лапыл­даған отты ала бере демді ішке тартасыз да, лезде сыртқа үр­лейсіз. Жа­лын өңешіңізден ары өтеді де, қайта шығады. Сіздің «бұрқырай жалын шыға­ды» деп отырға­ныңыз да сол.
– Тағы қандай өнерің бар?
– Тісіммен көлік сүйреймін. Мұны НТК, ОРТ телеарналары тү­сірді. Жалпы, жеңіл көлікті ға­на емес, газелді де сүйреуге болады. Сосын керісінше, келікті итеріп, орнынан қозғай­мын. Бұ­ған қазір арматураны пайдаланып жүрмін. Оның бір ұшы кө­лікке тіреледі, екінші ұшын ке­ңір­дегіме қоям да итеремін. Бір кемшілігі, мұны тойда көрсету қиын. Той залдарына көлік кіре алмайды. Сол себептен бұл нө­мірді сәл өзгерттім. Мықты деген екі-үш жігітті ортаға шақы­рып, армату­раның бір ұшын ұстатам. Келесі ұшын кеңір­де­гіме тіреймін де ауп деп итеріп, диаметрі 12-лік арматураны иемін.
– Неге кеңірдекпен?
– Кеңірдек енді адамның ең әлсіз жерінің бірі ғой. Кеңірдек­те сүйек тұрмақ ет те жоқ. Бұл өнерді серік еткендер адам мүм­кіндігінің шексіздігін көр­сет­кісі келеді. Әйтпесе ең жуан деген шегенің үшеуін қабаттай ұстап майыстыра аламын. Бірақ оған сырттай қарағандар «шеге емес» деп күмәндануы мүм­кін. Ал кеңірдегіңе арматура тіреп, көлік итеріп бара жатсаң, жұрт көңілінде күмән қалмайды.
– Дәл осындай өнер көр­се­те­тін Алматыда қанша жігіт бар?
– Мен оны айта алмаймын. Бір жігітті кездестірдім. Мен айтқан әдіске салып, арматура иеді екен. Бірақ оның темірінің ұзындығы 2 метр. Менікі – 1 метр 80 сантиметр. Арматура неғырлұм қысқа болған сайын оны ию қиындай береді. Сон­дықтан менің шеберлігім мен күшім одан бір табан жоғары екен деп ойладым. Жалпы, бі­реуге қарап, оның жетістігін қайталауға болады. Мәселен, мен Сергей деген жігіттің өне­ріне куә болдым. Ол 36 картаны қабаттай ұстап тұрып, жыртты. Қазір мен мұны істей аламын. Сосын автокөліктің мемлекеттік нөмірін жырта аламын. Бұл да жоғарыда айтқаным секілді, өз күшіңе адамдардың көзін жеткі­зу үшін керек. Егер қаңылтыр темірді қағаз жыртқандай жыртып тастасаң, сырт қараған адамның немесе теледидардан көрген кісінің көңілінде «анау қаңылтыр ма әлде басқа ма?» деген сауал туады. Ал көлік нөмі­рінің қандай екені бүкіл жұртқа белгілі. Бірақ ескі көліктің нөмі­рін табу қиын.
– Алда қандай жоспарың бар?
– Ешкім жасамаған бірер нөмір әзірлеуге дайындалып жүрмін. Оның бірін тәжірибеден өткізіп те көрдім. Ол былай: Ше­ге қағылған тақтайды жерге қоям да, оған арқаммен емес, басыма «жастық етіп» қырым­нан жатам. Бір жігіт басыма 3 кірпіш қояды да ауыр балғамен соғып, сындырады. Яғни, ба­сымның астында – шеге, үс­тінде – кірпіш. Екінші нөмір де осыған аздап ұқсайды. Қылыш­тың сабын жерге, еңкейіп, ұшын кеңірдегіме тіреймін. Енді кір­піш желкеме қойылады…
– Өте қауіпті екен. Осын­дай дүниелерді жасау үшін адамға не керек?
– Бұл сұрақты маған көп адамдар қояды. Шынымды айтсам, мен оны түсіндіре алмаймын. Жасағым келеді, жасаймын. Спортпен шұғылданамын, жүгіремін, штанга көтеремін. Бір білетінім, кез келген қауіпті нө­мірді көрсеткенде қорықпау керек. Өзіңе сенуің керек. Сосын бойыңды жиырып, тыры­суға бол­майды. Мысалы, ба­сыңның үстіне кірпіш қойып, балғамен соғарда тырысып, «қатып» қал­саң, басыңың тамырлары жарылып кетуі мүмкін. Өзіңді барынша еркін ұстау қажет.
– Өнеріңді көріп, жұмысқа шақырғандар болды ма?
– Өткен жылы Алматыдағы Орталық цирк жұмысқа ша­қырды. Мен бас тарттым. Өйт­кені алдымен оқуымды аяқ­тауым керек. Биыл соңғы курс. Диплом алсам, жұмыс жағын сосын ойланармын.
– Әңгімеңе рақмет! Өнері­ңе табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан
Сансызбай НҰРБАБА.

http://zhasalash.kz/student/17348.html