Бүгін Жетісулықтар үшін ерекше күн!
Ғарышты бағындырған еліміздің үшінші перзенті Айдын Айымбетов жерлестерімен жүздесу үшін өзінің туған жері Талдықорған шаһарына арнайы келді. Облыс орталығы Талдықорған қаласының төріндегі «Жастар» спорт сарайында Ұлы дала елінің Батыры, Халық Қаһарманы, барша Алаш жұртының мақтанышымен қауышуға жиналғандардың қатары мол болды.
Қазақстанның көк байрағын ғарыш көгінде желбіретіп, аман-есен еліне оралған ғарышкерді Жетісулықтар атынан өңір басшысы Амандық Баталов құттықтады:
— Туған қалаңызға, жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіз! Қазақтың абыройын асырған Сіздей азаматтың Алматы облысында дүниеге келіп, білім алып, қызмет жасағандығы – біз үшін үлкен мақтаныш.
Сіздің бала кезіңізден ғарышкер болуды армандап, Қазақ елінің туын ғарышқа алып шықсам деген балалық арманыңыз орындалды. Үстіміздегі жылдың екінші қыркүйегінде бәріміз Сіздің ғарышқа ұшқан тарихи сәтіңізге куә болдық, қатты қуандық, ерекше толқыдық. Көптің тілегі қабыл болып, аман-есен жерге оралдыңыз. Қарапайым қазақ баласының арманы орындалып, осы күнде Ұлы дала елінің мақтанышына айналдыңыз. Кеше ғана Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағын табысталып, Айдынның космос кеңістігінде оннан аса ғылыми-тәжірибелік сынақтар жүргізгенін ерекше атап өтті.
Сіздің отандық космос саласын дамытудағы еңбегіңіз — жастар үшін өнеге. Сіздің ғарышқа жасаған осы бір сапарыңыз арқылы біз бірлік пен ерліктің не екенін өскелең ұрпаққа көрсетіп, Отанды қалай сүю керектігін үйрететін боламыз, — деп сөзін түйіндеді.
Осыдан кейін Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов Айдын Ақанұлына Талдықорған жұртшылығы атынан тілек-лебізін білдіріп, «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағын беріп, су жаңа темір тұлпардың кілтін сыйлады.
Өз кезегінде Айдын Айымбетов:
— Құрметті жерлестер! Өздеріңізбен амандықта қауышқандығыма қуаныштымын. Менің ғарышқа сапарымның ойдағыдай болуы бірінші кезекте Елбасының, одан кейін барша жерлестерімнің арқасында. Сол үшін баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. «Қазғарышта» жұмысымды жалғастыру арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында әлі талай еңбек ететіндігіме сөз беремін, — деп сөзін қорытты.
Шара облыстың үздік шығармашылық ұжымдарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Осыдан кейін Айдын Айымбетов өзі білім нәрімен сусындаған № 14 орта мектепке барып, білім ордасының ұжымымен жүздесті. Ақ пейіл мен ынтымақтың белгісі ретінде мектеп оқушылары аспанға ақ шарларды ұшыру арқылы, өздері оқып жатқан мектеп түлегіне деген қуаныш сезімдерін білдірді. Ғарышкермен бірге осы мектепке еліміздің жан-жағынан Айдын Айымбетовтың сыныптастары да жиналды. Барлығы мектеп қабырғасында жүрген кездерін еске алды.
Шара соңы Айдын Айымбетовтың кезінде басшылық еткен №21751 әскери бөліміне барып, бөлімнің жеке құрамымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесуімен аяқталды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі