АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

АЙТ КЕЗІНДЕ АБАЙЛАҒАН АБЗАЛ

десантникТамыздың 10-да Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттерінің қарулы күштері бірлескен бітімгершілік оқу-жаттығуын өткізеді. 

«Дала қыраны» деген атпен ұйымдастырылатын әскеру жаттығудың басты мақсаты – бітімгершілік операцияларын өткізудегі тәжірибені молайту. Мұндай жаңалықты елродадағы дәстүрлі брифингте Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев жариялады.
Ресми өкіл мұндай іс-қимылдардың Қазақстан мен НАТО арасында 2006 жылдың 10 қаңтарында қол қойылған әріптестік іс-қимылдардың жеке жоспары жөніндегі келісім аясында жүргізілетінін айтады. «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасына сәйкес келетін жаттығулар жыл сайын елімізде өтіп жатыр.Үкімет бағытына келсек ағымдағы аптада 7-9 тамызда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев Ақтөбе облысына сапарға шығады. Ал Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин да сол күндері Маңғыстау облысына барып, аймақтағы кәсіпорындарды аралап, «Каспий теңізіндегі биоқорларды қорғауды өзекті мәселелері» атты форумға қатысады.

7 тамызда қасиетті ораза айы аяқталып, 8-і күні айт басталады. Ұлық айдан кейінгі үш күнгі айттың дастарханын дайындау барысында тиісті құжаттары жоқ тауарларды тұтынудан сақтану керек. Брифингтің кезекті қонағы еліміздің Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин осындай ескертуімен қатар үш күндік мереке кезінде дастарханды тез бұзылатын тағамдардан, әсіресе қаймақ пен майонез қосылатын салаттардан шектелуге шақырды.«Қазақта дәстүрлі «сарқыт» деген бар, бұл сарқытқа ет те салынады, жеміс-жидек те салынады, салаттар да салынады. Біздің ұсынысымыз, сарқытқа кәмпит, печенье, жеміс-жидектер, шығыс тәттілері секілді тағы да басқа құрғақ әрі жеңіл тамақтар салынуы керек. Бұндай қарапайым қағидаларды сақтасақ қана біз денсаулықты да сақтаймыз, мерекелік көңілді де бұзып алмаймыз», — дейді Бекшин.

Өз саласына қатысты елдегі санитарлық ахуалды сараптаған Бас санитар республиканың аумағы оба, күйдіргі, туляремия, құтырма, кене энцефалиті, геморрагиялық қызба сияқты әртүрлі инфекциялық аурулар бойынша эндемиялық аумақ болып табылатынын есте сақтауы керектігін мәлімдеді. Конго-Қырым қанды қызбасының және кене энцефалитінің эпидемиологиялық маусымы әлі жалғасуда, сондықтан тұрғындардың осы инфекцияны жұқтыру қаупі әлі де сақталуда. Атап айтқанда Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары Конго-Қырым қанды қызбасы бойынша қолайсыз аумақ, ал Алматы қаласы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары кене энцефалиті бойынша қауіпті өңір екендігін ескерген жөн. Сондықтан да аталған аймақтарға  демалуға шыққан жағдайда, 10 күн бұрын кене энцефалитіне қарсы вакцина алуы, репеленттерді және қорғаныш киімдерін пайдалануы тиіс.

Жазғы маусымға байланысты аумақтық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары елдегі эпидемиологиялық жағдай және негізгі сақтық шаралары туралы халыққа хабарлау бойынша туроператорлармен тұрақты жұмыс жүргізуде. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары сауда нысандарына жоспарлы тексеруді жүзеге асыру барысында 394 829 келі тамақ өнімдерін жарамсыз деп таныды. Оның ішінде 79 585 келі өнімнің сату мерзімі аяқталған, 6 868 кг өнімде дайындаушының құжаттары және дайындалу мерзімдері жоқ, 306 460 кг өнім микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес емес, 1 229 кг өнімде нитраттардың рұқсат етілген деңгейлерінен жоғары, 434 кг тұздың құрамында йод аз.  Барлық жарамсыз өнім сатылымнан алып тасталды және жойылды.  Ағымдағы жылғы мамырдан бастап 1 тамыз аралығында көкөністер мен жеміс-жидек өнімдерінің 11 мың 217 сынамасы зертханалық зерттелді, 198 сынамада (қарбыз, қауын, сары өрік, картоп) нитраттардың құрамының ең аз рұқсат етілген деңгейлерден артуы анықталған. Жарамсыз көкөністердің барлығы сөрелерден алынып, жойылыпты.

Б.Дәулетұлы

http://www.aikyn.kz/