сақ хикая барысында бір адам болса, хикая соңында өзге адамға айналады. Олар белгілі бір кедергілерден өтіп, не сынады, не одан ары жігерленеді» дейді Алмагүл Тілеуханова. Аз уақыт ішінде көрерменін баурап үлгерген телехикаяның жоғары рейтингке ие болуының себебін де түсіндірді Алмагүл ханым. «Көрермендердің ықыласын иеленуіміздің себебі біріншіден, алдын ала жүргізген жұмыстарымыздың жемісі. Себебі біз аудиториямыздың жас мөлшерін ескеріп, жұмыс істедік. Оларға не ұнайды, қандай әуен тындайды деген сұрақтарға жауап іздедік. Телехикаяның саунтрегіне айналған «Әке туралы жыр» әнінің таңдалып алынуының өзі де, дәл осы себептерге байланысты болып отыр. Жалпы айтқанда,
біз кім үшін жұмыс істедік десек, көрермен үшін деп жауап бере аламыз. Сол себепті көрермен де оны түсінген болар» дейді ол. «Әке серті» – түрік мамандарының қатысуымен түсірілген тұңғыш жоба. Әлемдік, қазақстандық теленарықта өзіндік жолын салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген түрік телехикаяларының авторлары һәм режиссерлерімен жұмыс істеу – ең алдымен тәжірибе жинақтауға мол септігін тигізері хақ. Алмагүл Тілеуханованың айтуынша, түріктермен бірлесе жұмыс істеудегі басты мақсат – өнімді тез әрі тыңғылықты аяқтау. Яки телехикаяны тез әрі сапалы түсіру. Сол себепті де, түрік мамандары аянбай еңбек етті. Түрік ағайындардың жұмыс ырғағын жеделдеткен қазақ актерлері. Болашақта тек қана түріктермен ғана емес, өзге де шетелдік мамандармен және олардан бір мысқал кем түспейтін отандық киномайталмандарымен жұмыс істеу де жоспарланып отыр.
Телехикаяда Шынар рөлін сомдап шыққан актриса Гүлшарат Жұбаева жобаға арнайы шақыртумен келген екен. Біз Гүлшаратпен аз-кем тілдесіп көрдік.
– Гүлшарат, түркиялық мамандармен жұмыс істеу қиын болған жоқ па?
– Әрине, түсірілім барысында кедергілер болды. Мысалы, режиссердің көздеген мақсатын түсіну үшін, кино саласынан алшақтау аудармашылардың аудармасы арқылы түсінісу керек болды. Түрік халқы өте эмоционалды болып келеді екен, түсірілім алаңында олар өзара сөйлесу барысында арсын-гүрсін жүретін болса, біз қазақтар өте ақырын сөйлейді екенбіз, өте байыпты болып көрінеді екенбіз. Мәселен, түріктердің телехикаяларында сөз өте көп болады, ал өзіміздің хикаяларда сөз аз, пауза көп. Енді түрік-қазақ бірігіп шығарған «Әке серті» осы екі шекараның ортасында тұрғандай көрінеді.
– Жалпы, түрік ағайындарымыздан нені үйреніп, неден жиренуіміз керек екен?
– Меніңше, шеберлік тұрғысынан алсақ, қазақ, түрік деп бөлінудің қажеті жоқ секілді. Себебі біздің де кереметтей режиссер, сценарист, тағы басқа шығармашылықтың адамдары бар екендігі белгілі. Егер экрандағы менталитет, әдет, ғұрыпты сөз ететін болсақ, әрине, біз жоғарыда айтқандай, байыптымыз. Біз үшін «Алла» деген сөздің өзі өзінше бір сабыр шақыратын сөз болса, оларда қуанса да, қынжылса да, шошыса да тіркеле беретін сөз тіркесі іспетті. Үлкен кісілердің екеуара сөйлесіп отырып, «Осылардың аузында Алла, ал адамды өлтіреді» деп түрік телехикаясын әңгімеленуінің жауабы осы болар. Олар дінде болсын, ғылымда болсын бізден көш ілгері, сол себепті үйренетін жеріміз бар. Бірақ осы қалпымыздағы адамшылықтан арылмауымыз керек.
– Өзіңіз сомдап шыққан кейіпкеріңіз жайында айтып беріңізші?
– Мен бас кейіпкер Досымбектің үлкен қызы Шынарды сомдаймын. Ол телехикая желісі бойынша, көп қиындық көретін жан. Тіпті телехикаяның соңында ғана бақытты өмірге кенелді деп айтсам болады.
– Жалпы, телехикая, өзіңіздің образыңыз көңіліңізден шықты ма? Әлде, «әттеген-ай» дейтұғын тұстар бар ма?
– Жалпылама түрде айтар болсам, телехикая ойымнан шықты, әрине, «әттеген-айлар» болды ғой. Менің ойымша, болдым, толдым деген адам – таусылған адам. Әлі алар белестерім алда деп ойлаймын.
Дайындаған
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ
Айкын газетiнен алынды