АЛТЫНОРДА
Новости

ӘКЕ-ШЕШЕСІН ҚАРТТАР ҮЙІНЕ ӨТКІЗГЕНДЕРГЕ САЛЫҚ САЛУ ДҰРЫС ПА?

6нСұлтан ҚАЛИЕВ,  ақын:

– Бұрын  қазақтар  әке-шешесін қарттар  үйіне  бермеуші  еді.  Ондай  әңгімені  естісе жағасын  ұстайтын.  Қазір  өзгерді. Сәл  бірдеңе  болса, қарттар үйіне қарай үйдегі  қарияларды  жетектей  жөнеледі. Қоғам  қатігезденіп  бара  ма,  әлде  адамдардың  пиғылы  бұзылды  ма?  Түсініксіз. Бүйте беретін  болсақ,  бұл  нәрсе  дағдылы  жағдайға айналып,  етіміз  өліп  кететін  секілді. Мен  талай  азаматтарды  білемін,  қартайып  ауырып  жатқан әке-шешесін  ешқайда  жібермей,  үйде  қарап  отырған. Бұл  – баланың әке-шеше алдындағы  парызы. Тіпті  өзінің жағдайы  келмесе, уақыты болмаса  ақша  төлеп, өзгелерге қаратып  жүргендер де  бар.  Бұл да  – құптарлық жайт. Ал интернатқа  өткізіп жатқандарды  қолдай  алмаймын. Бүгін  өзі үйдегі  қартты  өткізсе,  оны  көрген  немерелері  ертең  өзін  өткізіп  тастауы мүмкін  ғой. Дүние  кезек  деген  – сол. Сондықтан  алды-артты  бәрін ойлап  алу  керек. Ал  өткіздің  екен,  сол қарттар  үйіне  ақша аудар, не  болмаса  мемлекетке  салық  төле.

 

Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, ұстаз, педагогика  ғылымдарының докторы:

– Жалпы  қазақ – жетімін  жылатпаған, әке-шешесін  тентіретпеген халық. Ал  қазір жаһандану  заманының  әсері  ме,  тас  бауыр балалары  өз  ата-аналарын қарттар  үйіне  өткізетін  болды.  Бұл  – ұлттың  трагедиясы, нәубеті  деуге  болатын  жағдай. Ең  бастысы,  біз ұлттық  тәрбиені  босаңсытып  алдық.  Сондықтан  ұлттық  тәрбие,  құндылықтарды  мектеп  қабырғасынан  бастап  арнайы  оқулық ретінде  жүргізген  жөн. Тәрбие  көрген бала  ешқашан  ата-анасына  қарсы  шықпасы  хақ. «Тәрбие  мен  білім  құстың  қос  қанатындай»  деп  ұлы  ұстазымыз әл-Фараби бекер айтпаған.  Әрине,  балаларды  да кінәлай  беруге  болмас.  Себебі  қазіргі  отбасылары  таңертең  кетеді,  кешке  келеді. Балаға  қарау  жайына  қалған  заман.  Дұрыс  тәлім-тәрбие көрмеген  бала қатігездеу  болып  өсетіні  анық. Ең  бастысы,  ата-ана  балаға  бар  мейірін төгіп  тұрып  өсіру  керек. Сонда  ғана  мейірімді  болып  өскен  жеткіншек ата-ананың қадірін білмек.  Ал  салық  төлеу,  төлемеу  жағын  нақты былай  деп айту  қиындау.  Бәлкім,  қажет  те болар.

 

Дос  КӨШІМ, «Ұлт  тағдыры»  қоғамдық  қозғалысының  төрағасы:

–Дұрыс.  Қолдайтын  ұсыныс. Тіпті  кешегі  Кеңес  заманында қартайғанда  ата-анасын  асырауға  міндеттейтін заң да  болған. Депутаттардың  көтеріп  отырған  ұсынысы  соған  ұқсайды.  Расында, әке-шешесінің  қадірін  белмегендерді  тек  салық  төлетіп  қана  емес,  онда да  қатқылдау  жазаға  тартқан жөн  секілді. Егер де  қоғам  бұл  мәселеге  көз жұмып  қарап,  солқылдақтық  танытатын  болса, бұл жаппай «ауруға»  айналып  кетпек.

Дайындаған – Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz