Оңтүстік Қытай теңізінде жасанды арал жасап жатқан Қытай халықаралық ережені бұзып отыр деп мәлімдеді сенбі күні Сингапурде қауіпсіздік мәселелеріне арналған конференцияда АҚШ қорғаныс министрі Эш Картер.
«Су асты жартасын аэродромға айналдыру егемендік құқығын немесе әуе және теңіз кеңістігіндегі халықаралық қозғалысқа шектеу енгізу құқығын бермейді» деген Картер.
Даулы аймақтағы жасанды аралдардағы әскери белсенділік байқалатыны жайлы хабарға қатысты сөзінде Пентагон басшысы Вашингтонның алаңдаушылығын жеткізіп, Пекинді «жанжалға ұрындыратын қателік» жасамауға шақырған.
Ол «АҚШ-тың бұл проблеманы шешуге араласуға толық құқығы барын» мәлімдеп, аймаққа әскери кемелер мен барлаушы ұшақтар жіберілетінін айтқан.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бірнеше апта бұрын АҚШ барлауы жасанды аралдардың бірінен екі үлкен жылжымалы артиллериялық қондырғыны байқаған, кейін олар аралдан әкетілген.
Эш Картер тараптардың барлығын Оңтүстік Қытай теңізінде жасанды аралдар тұрғызуды доғаруға шақырды. Ауқымы жағынан шағын осындай жұмыстарды Вьетнам да жүргізіп жатыр.
Қытай мен тағы бірнеше көрші мемлекет арасында Оңтүстік Қытай теңізінің әр бөлігіне қатысты талас бар.
http://www.azattyq.org/