АҚШ вице-президенті Джо Байден бүгін екі күндік сапармен Украинаға барады. Мұнда ол Украина үкіметінің өкілдерімен және азаматтық қоғам жетекшілерімен елдегі дағдарысты талқыламақ.
Джо Байден Украина парламентіндегі түрлі партиялардың мүшелерімен, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен және осы елдегі АҚШ елшілігінің өкілдерімен кездеседі.
АҚШ вице-президенті ертең, 22 сәуірде Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчиновпен және премьер-министр Арсений Яценюкпен жүздеседі.
Ақ үйдің мәлімдеуінше, Джо Байден кездесулерде халықаралық қауымдастықтың осы елде тұрақтылық орнатуға күш салуы, экономикалық көмек көрсету және Украинаның шығысындағы сепаратистік күштерге қатысты мәселелерді талқыламақ.
Кездесулерде бұған қоса конституциялық реформалар жүргізу, билікті орталықсыздандыру жайы және 25 мамырда өтетін президент сайлауы талқыланады.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140421/330/330.html?id=25356276