Гавай аралдарына дейін адам жейтін акуланың желбезегінен ұстап мұхитты жүзіп өткен қыздың ерлігіне әлем қол соғуда.
Табиғатқа қамқоршы Оушен Рамзи ақ акулаларды атып алу мәселесіне тоқтау қою үшін осындай ерлікке барғанын айтады. Рамзи алып жыртқыштың жанына тым жақын барған. Ол теңізге аквалангсыз (су астында жүзетін адамдардың тыныс алуына арналған аппаратсыз) түскен. «Акула мені ұзақ бақылады. Ал, мен оны сабырмен ешбір қорқынышымды білдірместен күттім. Акула жаныма жақындай бергенде екеуміздің арамызда белгісіз бір байланыстың болғанын сезіндім, ол мені жылы қабылдады, сөйтіп бірге жүзуге рұқсат етті», – дейді Оушен.
Қолтырауынның өлімі дау туғызды
Филиппинде әлемдегі ең ірі қолтырауын тіршілігін тоқтатты. Лолонг атты алып теңіз қолтырауынының ұзындығы – 6,4 метр, салмағы тоннаға жуық. Ол жағаға жету үшін барын салған деседі. Теңізде тіршілік ететін жәндіктерді зерттеуші мамандардың айтуынша, қолтырауын олардың қолына түскен соң екі сағат өтпей жатып жан тапсырған.
2012 жылы Лолонг Гиннес рекордтар кітабына енген. Алып қолтырауынның өлімі әлеуметтік желілерде үлкен шу туғызды. Кейбір филиппиндік ғаламтор қолданушылар 10 ақпанды Лолонгтың өліміне байланысты ұлттық қаралы күн деп жариялауды ұсынған.
Қолтырауын 2011 жылдың қыркүйек айында Бунаван қаласынан табылған болатын. Лолонгты жергілікті тұрғындар сол жылдың тамыз айында адамдарға шабуыл жасады деседі. Айтуынша, қолтырауынның аузына бір адам жем болғанын білген ауыл тұрғындары ашуға булыққан. Көзін құртуды ойлаған олар қолтырауынды үш апта бойы іздеген. Ондағы мақсат – қолға түсірген соң, жергілікті хайуанаттар бағына өткізуді ойлап, туристер тартуға зор мүмкіндік туады деп қиялдаған. Расында, алып қолтыруанның аты аз уақытта Жер шарын аралайды. Сөйтіп, қолтырауынның арқасында хайуанаттар бағы халықаралық деңгейдегі ең ірі туристер келетін орынға айналады.
Әлемдегі тұңғыш интернет-автокөлік
Жуырда Женева автосалонында «Harman» фирмасының дизайнерлері интернет-автокөлік үлгісін көрсетті. Дыбыстық командалар арқылы көлік жүргізушісі әлемдегі барлық жаңалықтан хабардар бола алады.
Құрастырушылардың айтуынша, «Rinspeed BamBoo» маркасының өнімі жарты жылдан соң сериялы түрде шығарылмақ. Жүргізуші саяхатты бастамас бұрын автокөлікке арнайы жапсырыл¬ған айпадты немесе смартфонды қосып алған жөн. «Harman» фирмасының өкілдері көліктің осындай құндылығын көпшілік дұрыс бағалайтынына сенімді. Рөлде отырып алып та дыбыстық команда көмегімен электронды поштаңызға келген хаттарды оқи аласыз. Facebook әлеуметтік желісінде достарыңызбен сөйлесуге мүмкіндік мол, тіпті ғаламтордан қажетті ақпаратты лезде тауып алу да қиындық туғызбайды. Құрастырушылар көлік ішінде отыратын жолаушыларды да ұмытпаған. Автокөлік ішіндегі Wi-Fi қызметі үйде отырып интернет қолданғаннан ешбір кем емес.
Қ. ЕРАЛЫ
http://ulttimes.kz