АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЗОМБИГЕ АЙНАЛЫП КЕТПЕЙІК

Жазда балаларды аулаға алып шығып ойнатып отырғанда жиі көретінің бір ойын-балалар зомби немесе монстр болып ойнайды. «Мен зомби болам, адамдарды өлтірем, етін жейм

, бетін жейм» деп кішкентай балалар зомби мен вампирдің қан тамған «тістерін» салып алып басқа балаларды қуады.

Қарап отырып, таңғаласың. Іштей үрейленесің. Бүгінгі заманның балаларының ойыны суық көрінеді саған. Өйткені, біз ауылда өстік, біздің ойынымыз басқаша-тұғын. Біз зомби дегенді білдік пе?Ал, соңғы уақыттарда адамның бас сүйегі суреті бар футболка киіп, сумка асынып жүру сән  болды. Диска сататын жерге барсаң, кішкене балалар «ужас» кинолар сұрап тұрады. «Зомбиге айналып кетіпті» дейді сақал қойған жас жігіттерді көрсе жұрт. Зомби тап ондай болмайтын шығар, бірақ, бүгінгі  балағын қайырған жас балдардың жанары, түр-әлпеті  суық көрінетіні рас.

Бүгінгі зомби-теледидиар

25-нші кадр деген бар. Кинопроекторда секундтық жылдамдықта 24 кадр тізбектеледі, егер оған кездейсоқ басқа мазмұндағы 25-кадрды да қосып жіберетін болса, адам оны көрмеуі мүмкін,  бірақ, түйсігі кадрды байқап қалып, ақпаратты есіне ұстап қалады. Айталық, арнаның алдына бір саясаткерді халықтың қалаулысына айналдыру деген тапсырма беріледі. Ол халықтың санасына әдемі, мықты, өмірге құштар адам ретінде әсер етуі керек. Біздің арналар жұмыстарын жеріне жеткізе жасайтыны сондай, ақырында халықтың басымын  манағы саясаткерге ғашық болып қалатын дәрежеге жеткізеді. Адам миына шабуыл бүкіл жерде жүргізіліп жатыр.  Нейролингвистикалық бағдарлама енгізу деген бар қазір. Бұл арқылы адамның ой-пікірін өзгертуге болады. Мұндай ерекше әдісті меңгерген адамдар өзін тыңдаушыны, үлкен аудиторияны билеп, адамдарды айтқанына иландырып, түрлі дауыс құбылту арқылы өз ырқына бағындыра алады. Бүгінде сектанттар, қаржы пирамдаларын шығарушылар, желілік маркетинг өкілдерінің бәрі осы тәсілдерді айналып өтпейді. Түлкінің алпыс екі айласы бар болса, бұлардың 2000-нан астам  тәсілі бар, ендеше неге айдың-күннің аманында ақшамыздан айрылып, аузымыз аңқиып қалып жататынын түсінуге болар. Кейде біз әлдекіммен ұялы телефон арқылы сөйлесіп отырып, әңгіменің қызығына түскеніміз сондай, байланысқа байқалмайтындай шуыл араласқанын, жалған операторлар қатысы барын байқамай қаламыз. «Помеха болып жатыр кішкене» деп қоямыз өзімізше білгішсініп. Шын мәнінде әңгімелесушілердің санасына жұмыс жүргізіліп жатқан болуы әбден мүмкін. Ал, GSM жалған станцияны ұстап алу қажетті құрал-жабдықсыз тіпті де мүмкін емес. Немесе ірі супермаркеттер неше түрлі хош  иістерді  бұрқыратып қойып, тұтынушының санасына шабуыл жасайды. Теледидарлардағы жарнамалардың «жыры» бөлек тақырып. Осы күнде шаштағы қайызғақ, қолтық пен әйелдердің «қорғаныш қабатынан» басқа әңгіме қалмағандай. Сыра керек пе, жастарға басқасы, орта жастағыларға, кемеліне келген нағыз еркектер үшін…Біз осының бәрін аламыз. Соны алмасақ бірдеңеден құр қалғандай көреміз өзімізді. Өйткені, жарнамадан солай деп миымызды ұрып жатыр, ұрып жатыр. Ертеден қара кешке дейін теледидар алдында отырып алып бүкіл қазақ түріктердің  арзымайтын сериалдарын қарап өмірін өткізетін болды. Біздің жас балалар да жағаласып көреді. Ол сериалдарда кілең адасқан, алжасқан, рухани мүгедек адамдар, өмір бойы жылап жүреді, өле салады, ажыраса салады, біздің балалар ертең өмірді солай қабылдамай ма, солай көргендерін жасамай ма? Өйткені, милары сондай ақпарат алды емес пе.

Біздің аузынан ана сүті кеппеген балаларымыздың миына  одан да  зор шабуылдар  жасалып жатыр, сәт сайын, сағат сайын. Шабуылды көбейтуге өзіміз жағдай жасағанымыз сондай, оларға ұялы телефон алып береміз, компьютерден неше түрлі ойын ойнатамыз, теледдардан не көріп жатқаны тағы белгілі. Балалар  виртуалды  түрде болсын, тек монстрларды ғана емес, өзі секілді қатарластарын «өлтіруге» қатысады. Одан да сорақысы – компьютерлік шайқас барысында омыртқасын үзіп, аяқ-қолын сындырып, қанын судай ағызып, адамның соңғы бір жантәсілім етер сәтіндегідей дененің жан шығар алдындағыдай жиырылып-созылатынына дейін көрсетілетіні  баланың көз алдында жүреді. Ойындағы графикалар телебейнемен бірдей бейнеленетіндіктен, оны қабылдау да барынша табиғи жүретініне дау жоқ, яғни бала психикасы оның бәріне иланады.

Бір анығы – зомбиланудың арты азғындықтың шегіне жетеді. Жапонияда әуелі әйелді өлтіріп, артынан өлген әйелді екі қызымен қоса зорлайтын «жүлдесі» бар ойын таралып кеткен. Бұл ең сұмдық деген 15 ойын космостық жылдамдықпен әлемнің әр шетіне таралды, бәрінің ортақ ұраны-«өлтір, ат, құрт, көзін жой, жарып жібер!». Вирджиня технологиялық университетінің студенті осы ойындардан кейін өзі де қолына автомат алып, 32 адамды бірден атып салған. «Американ батырларын басқара отырып, мұсылман өкілдерін құрту» ойынының да, «ақ нәсілдердің келешегі өз қолыңда» деп жазылатын нұсқаулардың  да астарында адамзаттың өмірін тозаққа айналдыру саясаты жатқаны белгілі.

Зомби деген кім бе, не ме?

Негізі «зомби» сөзі конголездердің «тірі өлік» деген сөзінен шыққан дейді. Яғни сыйқыршылар өлген адамдарды тірілтіп, көрлерінен тұрғызып, өздеріне қызмет еткізеді-мыс. Вуду діні өзінің осындай ерекшеліктерімен, әсіресе, АҚШ-та өте танымал. Еер әлем бойынша 10 млн. вуду бар делінетін болса, олардың бәрі де өз Құдайларымен би арқылы тілдеседі екен. Өлген адамды тірілту туралы аңыз-әфсананы былай қойғанда, тірі адамның өзін тірі өлікке айналдырудың да  мын сан амалын білетіндер осылар екен. Яғни сыйқыршы өзінің құрбандығының үйіне келіп, есік арасындағы саңылау арқылы оның жанын жұтып алып, жанды бөтелкеге салып қояды. Жансыз қалған адамды жерлейді емес пе, сыйқыршы сол жерленген түні барып өлікті қазып алып, оның мұрнына бөтелкедегі жанды аз  ғана жақындатып, оған тек жанның жартысын ғана енгізеді. Денеге жан бітіп, қимылдауы үшін осының өзі жеткілікті болатынын ата-бабасынан бері білетін сыйқыршы дуа жасап, тірі өліктің миын жуып-шайып, өз өткені туралы естелігінің бәрін ұмыттырады. Болды,  сыйқыршы өзі үшін ең тамаша жұмыс күшін тапты, енді тірі өлік оның бар айтқанымен ғана жүріп-тұратын болады. Осының бәрін оқып отырып, далбаса деп, сандырақ деп қолыңызды бір сілтеуіңіз де мүмкін, бірақ, аз ұлыстардың ежелгі ескі аңызы ізімен шығарылған  ертегі десек те, зомбилар болған деседі. Біреулері жоғалса, келесілері пайда болып отырған деседі. Гайтян деревняларында әлі күнге бір-екі тірі өліктерді кездестіруге болады деген біз үшін тым қисынсыз да шығар. Дегенмен, бұл құбылысты қарапайым түсіндіруге болады. Гаити өте кедей республика санатында. Бұл жерде психиатр деген мамандық, жүйке жүйесі ауруларын емдейтін  ауруханасы жоқ. Жүйкелерінде ауытқушылығы бар, ақыл-есін жоғалтқан  адамдар қаңғалақтап өздері қалаған жерде жүре береді. Кейбір отбасылар мұндай бейшараларды тамақ беріп жұмсап, пайдаланатын көрінеді. Тіпті ғалымдар кейбір зомбилердің ДНК үлгісін алып зерттеп көріп, олардың өздері қызмет қылып жүрген отбасыларына ешқандай қатысы жоқтығын анықтаған. Американ ғалымы Ю. Девис адамды зомбиге айналдыру үшін арнайы дайындалған  ұнтақталған у пайдаланылған деген қорытындыға келген. Бұл әсері қатты уды жасауға фугу деген улы балықтың уы, улы жыланның сілекейі пайдаланылған, ұнтақ аз-кем уақыт тыныс алу жолдарын бітеп,  жүрек соғысы мен қан айналымының жұмыстарын бұзып, адамды әне-міне жан тәсілім етердей күйге түсіргенімен, 1-2 күн қиналған адам қалпына келгенде оның миы қатты зақымданып, жадын жоғалтқан адам өзі туралы ештеңе білмей шығады, сонымен бірге сөйлеуі де бұзылады.

Зомбилаудың екі түрі бар

Сонымен, жаңағы айтылғанның бәрі бізге түк қатысы жоқ, елсіздегі аралда қалып  қойған қайдағы бір қараңғы тайпаның басында болған хал деп ұғарымыз рас. Осы отырғанда біздің ешқайсысымыз өзіміздің  өмірде бір де болса жадыланғанымызды мойындай алмаймыз. Құдай сақтасын, өзімізді ондайға қайдан қияйық. Еркін басқаға билету деген түсімізге де кіріп шықпайтын нәрсе. Бірақ…біздің санамыз сәт сайын, сағат сайын, жылдар бойы…өңделіп, қайта-қайта иленіп, өзгеріске ұшырап, қайта өңделіп  жатыр. Теледидар көрсек те, жұмысқа барсақ та, тіпті телефон арқылы да солай. Біз, әрине, оның бәрін өз пайдамыз үшін деп ұғамыз.  Бала кезімізден бастап әке-шешеміз де, мұғалімдер де миымызға белгілі бір құндылықтар жүйесін енгізіп қойған, біз енді сол миымыздағы тек өзіміздікі болып кеткен ақпараттарды тықпалап, өз балаларымыздың миына шабуыл жасап жатырмыз. Әрине, жақсы ниетпен. Мынау әлсіздер  әлдінің аузына жұтылып кететін тіршілікте қалай жоғалып қалмай, күресіп өмір сүре алу үшін ғана сөйтеміз. Адамзаттың тарихы адамдардың бір бірін басқаруынан басталған деген де ойға тірелетінің бар.  Бүгінде қаншама жас адам діндеріне беріктігін дәлелдеп өздерін өздері жарып жіберіп жатыр, қаншама адам құмар ойындарының артына кетіп, дүниені ұмытқан, қаншамасы есірткімен есін жоғалтқан, есірткі берем десе туған әкесіне көзі түспейді. Зомбиге айналу-адамның өз  еркінен  жасанды түрде айрылуы. Зомбиге айналдырудың екі түрі бар: бірі қатаң түрде зомбилау, екіншісі жайлы жағдайда зомбилау деп аталады. Яғни адамды еркінен айыра отырып, миын асқан қаталдықпен тазалап, гипноз арқылы қайтадан бағдарлама енгізу.  Жайлы түрде зомбилауда әртүрлі техникалар мен технология пайдаланылады. Қорқыту, үркіту, сендіру, иландыру, көрініс арқылы, дыбыс арқылы, ультрадыбыс, инфрадыбыс, электромагниттік толқын арқылы дейсіз бе…о-о-о, санап тауыса алмаспыз! Ойлап қараңызшы, өздерін жарып жіберетін жанкештілер туралы айттық, ақыл-есі сау адам осындай терактіге бара алар ма еді. Немесе, жарылғыш зат алып бара жатқан жүк көлігінің жүргізушісі ше? Аузына, кейдесіне бомба салып алып адам көп жиналған жерге апаратындар ше? Олардың бәрін ұзақ уақыт бойы дайындаған. Адам санасының әлсіздігі осында. Осы жерде бір қызық мысалды келтіре кетсек, өткен ғасырдың 60 жылдарында Кубада Хуан Костаньеро деген біреу сезікті ретінде ұсталады. Кеңес Одағының мен деген мықты психиатрларынан құралған арнайы топ зерттей келе оның бойында бір емес, төрт адамның болмысы шиеленісіп қалғанына көздері жетеді. Яңни тән біреу, бір адамның бойында төрт адам отыр. Және олар бір-бірі туралы білмеген.  Бір жағдайда ол қант тамырын ұнтақтаушы, екіншісінде-арғы тегі кубадан тарайтын американдық, үшіншісінде-Фидель Кастроны өлтіруге бұйрық алған адам,яғни киллер,  төртіншісінде өзін-өзі өлтіруге бет алған терроршы… болыпты.Оны әр кезде әрқалай пайдалану үшін солай әзірлеген. Айталық, психотерапевт гипнотикалық трансқа түсіру арқылы адамды  ішімдіктен, есірткіден, құмар ойындардан шектеп тастайды. Бұл қайғылы жағдайда болатын өліммен қорқыту, ауыр науқаспен үрейлендіру болуы мүмкін, немесе басқа әдістер болуы мүмкін. Қалай болғанда да, мамандар адамның жеке адамдық түйсігімен жұмыс жасаған кезде сақ болу керектігін ескертеді. Ал, егер ол адамға гипноз беру арқылы басқа біреуді өлтіруге жұмсаса ше? Расында бұл өте қауіпті. Кім біледі, мүмкін, біздің әрқайсысымыздың ішкі дүниемізді тереңірек үңги берсе, адам адамға айналғанға  дейінгі жабайы сана, құлқынымыз бұғып жатуы мүмкін ғой. Жабайы құмарлық, жабайы тәбет тәрбие деп аталатын сенімді жасушаларға мұқият оралғандықтан ғана сырт көзге «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып жүрген шығармыз, кім біледі? Күндердің күнінде сол жабайы түйсік ата-анадан, балабақша мен мектептен алған тәрбие деп аталатын «жүйені»быт-шытын шығарып жарып шықса ше? Онда не болады№ Ойлаудың өзі қорқынышты.

Жадыра Шамұратова

Батыс казакстан облысы

http://akzhelken.kz