АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 Алаштың абзал ақынын аттандырды

Казақтың қабырғалы ақын­дарының бірі Қажытай Ілиясұлы мар­құмның жамбасы қара жерге тиді.
 Қазақстан Жазушылар одағы үйін­де өткен қаралы жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төр­ағасының бірінші орынбасары
Ғалым Жайлыбай ашып, жүргізіп отырды. Мә­дениет және ақпарат вице-ми­нистрі Арман Қырықбаевтың қош­та­-су сөзінен соң, ақынның замандас­­тары Қабдеш Жұмаділов, Үмбетбай Уайдин, Оразақын Асқар, Көпен Әмірбек, бауыры Жұмабек Ғалымов сөз сөйлеп, Қажекеңнің адами бол­мысы, кісілігі, ақындық арынды мінезі жайында есте қалар есті сөздер айтты. Қа­жекең қалың қазаққа халқымыз­дың болмысын өз болмысы арқылы өткізіп, өткір мінез, жүйрік тілмен жеріне жеткізе таныстырған әмбебап қаламгер, атбегі, күйші, сазгер еді. Қа­зақтың бүгінгі ақын-жазушы­ла­ры­­ның арасында жүйрік жылқының жайын, қыран құстың бабын ең көп білетін ақын – осы Қажытай Ілиясұлы болды десек, қателеспейміз. Сірә, Қажекең жылқы мен құстың тілін түсініп туған ақын болған сияқты. Әйтеуір қазақтың сал-серілік мінезін, далалық тұрпатын тынбастан жырға қосты. Қызылды-жасылды әлемге ғашық болды. Ерте көз жұмған Жұ­матай ақын жан досы болды. Жеті жұрттың тілін, музыкасын білетін, биші, спортшы, сегіз қырлы, бір сыр­лы Қажекеңнің ақындық өрісінің де бітім-болмысы өзгеше өріліп келеді. Өзі де асау табиғаттың аузынан түсе қалғандай арынды, таза болмысты ақын еді. Өзіне ғана тән тура мінезбен, баз біреулердей әсіре көзге ұрып, жөнсіз кеуде соқпай, қанына біткен қариялық болмыспен қай ортада бол­сын сыйлы болды. Әр өлеңінен жу­санды даланың жұпар иісі бұрқырап тұрды. Қара шалдың шапанындай құ­шағы мол болды. Басынан өле-өлгенше зерлі тақиясын, қолынан үкілі дом­бы­расы мен гитарасын, баянын түсірген жоқ. Өлеңдерінде, сатира не лирика болсын, жалған дыбыс, жасанды бояу болған жоқ. Кей-кейде қатты да кет­кендей болса, ол шекараның арғы жа­ғында тас бұғау мен темір қысымды, мұнда келген соң да шетқақпайды, қия­­натты көп көргендігінен де шығар. Өмірде де, шығармашылықта да шы­найылықтан танбаған ақын сол шы­найы қалпында, қарапайым, табиғи, таза, қажырлы күйінде өмірден өтті. Қасиетті Мәуліт айында көз жұмып, жамбасының қара жерге тиюі де Жа­ратқанның оған бұйыртқан ерекше сыйы болар.

 

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,

халық жа­зу­шысы:

– Қажытай екеуміз жастық ша­ғымызда сиам егіздеріндей бірге жүр­дік. Екеуміз 1962 жылы ииперияның шекарасын бұзып, тас бұғаудан бірге өткенбіз. Ол мені төніп тұрған ажал­дан құтқарып еді. Сол үшін Қа­жытайға қарыздармын. Шама-шар­қымша бұл өмірде өтеуге тырыстым. Қолымнан келгенше бар жақсылы­ғым­ды аяған жоқпын. Парызымды өтедім бе, өтей алмадым ба, ол бір Алла­ға аян. Біз им­пе­рияның шека­расынан қолтықтасып өткенімізбен, пәни мен бақидың шекарасынан өтер­де Қажыкең жалғыз өзі тартып кетті. Бәріміз баратын жер, бәріміз өтетін шекара бұл. Қош бол, қайран Қажытай! Алдыңнан жарылқа­сын!

 

Көпен ӘМІРБЕК,

сатирик-ақын:

– Қажекең өмірде үш жиырма

бес жыл жасады. Оның өзін қашанда 25 жастағы жігіттей жарау сезініп жү­ретіндігі біздер үшін үлгі болды. Өмірі мойыған емес, ұнжырғасы түскен емес. Қашан көрсең де қай­раулы қы­лыштай жігіт қалпы. Таби­ғаты таза, діңгегі түзу, сүйегі өте мық­ты азамат еді. «Ара» журналының редакция­сында көп жыл бірге қыз­меттес болып, бір бөлмеде отырдық. Сонда айтушы едік: – Қажеке, сіздің тіліңіз ауыз әдебиеті секілді өте бай тіл, аузыңыз ауыз емес, кітапхана сияқты, ашсаңыз болды кітап болып төгіліп тұрады. Бізде ондай тіл жоқ. Қажеке, сіз бір тұнып тұрған табиғи ресурс сияқтысыз, бірақ сізде фабрика жоқ. Ал мен өзім фабрика сияқтымын, бірақ табиғи ресурсым жоқ. Сондық­тан қосылып шығарма жазсақ қайтеді дейтінмін. Қажекеңнің артында жарық көрген екі том еңбегі қалды деп жатыр. Мен айтар едім: Қажекеңнің жүйрік ат, атбегі туралы әңгімесі кемінде алты том, ал құсбегі туралы әңгімесі бес том болады деп. Соңғы жылдары «Қазақ радиосының» «Шалқар» радиосы атынан Қажекеңе ұсыныс жасадым: сіздің кеудеңіз алтын көмбе, сол көм­бені ашыңыз, ұлтыңыздың салт-дәс­түрі, әдет-ғұрпын насихаттайтын бағ­дарлама ашайық, айтқаныңыздың бә­рін жазып алайық деп.Үлгере ал­мадық. Сол алтын көмбе ашылмай кет­ті, ең өкініштісі – осы. Туғаны жоқ тура би дәл осы Қажытай ағадай-ақ бол­ған шығар деп ойлаймын. Үлкенсің бе, кішісің бе, әкімсің бе, шенді-шек­пендісің бе, бетің бар, жүзің бар демей тура сөйлейтін табиғаты таза адам еді. Жатқан жері жәннатта болсын! Алды пейіш, арты кеніш болсын!

 

Төреғали ТӘШЕНОВ

Айкын газетнен алынды