АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Кинода билегенмен, жүректерде билей алдым ба?

Ербол СЕМҚҰЛОВ, жас актер:

Билемейтін жерде билеу …  Және де жай қызық үшін емес, бір көргеннен жүректе өшпес ізі қалған жұмбақ арудың назарын аудару үшін Бозбала өз сезімін сөзбен емес, тұла бойымен, тырнақтың ұшынан бастап шашының әр талына дейін сөйлетсе… Ғажап қой! Біз үшін ғажап, ал қаншама күн-түн көз ілмей, сезіммен арпалысқан биші жігіт үшін азап… Бәрінен бұрын би өнері жайлы осыған дейін әлі бірде-бір туынды түсірілме­гендік­тен, қазақ киноөнері үшін бұл – үлкен жаңалық, үлкен үлес. Біз таяуда ғана тұсауы кесілген «Тыйым салынған билер» жайлы айтып тұрмыз. Кинотеатрға шыққан алғашқы аптада-ақ бірден 15 миллион теңге касса жинаған осы бір туындының басты рөлін сомдаушы Ербол Семқұловпен кездейсоқ ұшырастық.

Ес білгеннен биге құмартып, уақыты мен күш-жігерін өзінің осынау сүйікті ісінен аямайтын қарапайым қазақ жігітінің буын-буынына дейін қимылдағанын көрген қыз атаулы естен танса керек. Алайда Ербол­дың өзі өте қарапайым, «биші керек деген соң кастингке қатыса қойып едім, басты кейіпкер боп қалай шыға келгенімді өзім де түсінбей қалдым» дейді. Оған дейін актер болмақ түгіл, тіпті театрдың табал­ды­рығын аттап та көрмегенін балаң жігіт жасырмай айтып салды. Бірақ теледи­дар­да сондай бір би жайлы фильм түсірілгелі жатыр деген жарнама жүргенде жүрек түбінде бір сезім, «бұл саған үлкен мүмкін­дік, бағыңды сына» деп үн қатқандай бо­лып­ты. Расында, кастингке барған, алды­мен іріктеуден, сосын екінші турдан да сүрінбей өтіп, солайша бір күні режиссер, «Орда» тобының әншісі Ерболат Беделхан алдына бір жапырақ қағаздағы өзінің алғашқы айтатын сөздерін тастағанда не сенер, не сенбесін білмеген.

Төлегенді танымай…

Қолымдағы тілдей қағазда бес-алты ауыз ғана сөз. Мен өзімнің ғашы­ғы­ма деген сезімімді жүрекке тиетін­дей, шынайы айтып шығуым керек. Қолым дір-дір етеді. Камера алдында шыны керек, ә дегенде сөйлей алмай қалдым. Сондықтан бір күн мұрсат сұра­дым. Не істеймін, кімнен ақыл сұ­рай­мын? Актер мамандығының қиын­дығын сонда түсіндім. Сен өзің емес, өзге бір кейіпке түсіп, сол болып жылап, сол болып күліп, сол болып өмір сүруің керек екен. Түнімен көз ілмей, ертесі күні М.Әуезов театрының алдына бардым. Кімге бардым, маған кім қан­дай жол сілтейді, білмеймін. Әйтеуір, бір кезде жанымнан өте берген бір ер кісіні актер шығар деп тоқтаттым да, жөнімді айтып, кеңес сұрадым. «Шына­йы бол, жылағың келсе жыла, өзіңнің ғашық болған сәтіңді еске түсір де, сол сәтке ен» деді де, асыға басып театрға кірді де кетті. Мен де бұрыла беріп ем, бір жігіттер «сен әлгінде кіммен сөйлес­кеніңді білесің бе?» деді. «Жоқ» деп ем, «Төлеген ғой, атақты «Қыз Жібекті» көрмеп пе едің, ех…» деп мырс етті. Мен аң-таңмын. Өмір бойы өзім жақсы көріп, көрсем деген адаммен шынымен де тілдескеніме сене алар емеспін. Бірақ танымағаныма өзімді қатты жаз­ғырдым. Құман ағамыз да қатты өзгеріп кетіпті. 

«Ештеңе кездейсоқ емес» деп білетін Ерболға бұл оқиға жігер берді, ол «басты рөл менікі болады екен» деп жорыған. Солайша әрі билей жүріп, әрі түс секілді өмірді бастан өткере жүріп, қалайша киноның түсіріліп біткенін білмей де қалса керек. Құла дүзде жалғыз өскен ағаштай құлазып қалған сол сәттегі өз сезімін еске алуға қиналатынын айтады Ербол. Өйткені ол өз өмірін ұмытып, түгел кейіпкеріне ай­нал­ған болатын. Сондықтан «түсіру бітті» деген сөз оған «өмір бітті» дегендей естілсе керек.

Жалпы, көше билері – бүгінгі жастарды еліктірерлік тақырып. Фильмді тамаша­лаған жұрт өз пікірін желілерге жарыса жазғанда, басқасын жаратпаса да, басты кейіпкер Эмирдің биіне баскиімін шешіп, қошамет көрсетуге дайын екендігін айтқан. Ал Эмир, яғни Ербол болса өмірде осы киноға дейін жай қарапайым биші болса, бұл фильм оның өмірге деген көзқарасын 180 градусқа өзгертіп жіберді, ол бүгінде  Өнер академия­сына оқуға түскен. Ал, негізі, өзі елімізде бірнеше банктерде жұмыс істеген қаржыгер. Біз Ерболмен көп нәрсе жайлы сөйлестік, мен оның арманы үлкен адам екендігін аңғардым. Бір жас ғұмырдың кеудесіне жылт еткен үміт сәулесін жағу да үлкен жетістік. Олай болса, Ербол өзінің «Тыйым салынған билерден» өмір сүруге ұшқын алғанын айтады. Ал біз жастардың тіліндегі жаңа туындының жалғасын күте­міз

Беттiн продюсерi Мариям Абсаттар

http://alashainasy.kz/