15 мамыр күні Christie’s аукционында алмұрт формасына ұқсас, тазалығы бойынша әлемде аналогы жоқ гауһар тас сатылымға түседі. Түс межелігі бойынша, ол ең жоғары саналатын D категориясына жатса, физикалық типі бойынша Iia болып саналады. Салмағы 101,73 карат болатын зергерлік индустрия тарихында ең құнды саналатын осы бриллиант бұған дейін бірде-бір рет сатылымға түспеген.
Аталған гауһар тас Ботсванада орналасқан Жваненга шахтасында табылған 236 караттық алмастан кесілген. Ал тастың бетін тегістеу мен жылтырату жұмыстарына 21 ай уақыт кетті. Christie’s зергерлік департаментінің Швейцария және АҚШ елдеріндегі басшысы Рауль Кадакияның айтуынша, ұлы мүсінші өзінің туындысын мәрмәр үйіндісінен-ақ көре алса, нағыз зергер мінсіз гауһарды өңделмеген тастан-ақ жасап шығуға қабілетті.
Бүгінде аукционда сатылған ең ауыр түссіз гауһар тас — 76,02 караттық эрцгерцог Иосифтің Archduke Joseph тасы. Өткен жылы ол 21,5 миллион долларға сатылған болатын. Ал алмұрт тәрізді бедерленген ең атақты әрі ең үлкен түссіз гауһар тастың салмағы 530,20 карат болып есептеледі. «Куллинан I» деп аталатын осы бір тас бүгінде британдық тәждің қазынасында орналасқан. Жуырда Christie’s аукционында сатылымға түсетін гауһар тас өзінің британдық қазынада жатқан бауырласынан шамамен 5 есе жеңіл екен.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет:terra-z.ru