Әлеуметтік желілерде даулы бейнероликтердің жиі беріле бастауы нені аңғартады?
Жолдасбек ДУАНАБАЙ, Мәдениет қайраткері:
– Соңғы кездері әлеуметтік желілерде пайда болған түрлі бейнетаспалар қоғамда сан қилы пікір қалыптастыруда. Оны жақтайтындар да, қарсылар да табылады. Бірақ сол тосын бейнетаспалар өмірдің өз шындығын көрсетуде алдыңғы орында тұр. Тіпті бейнетаспалардағы оқиғалардың өзіңізге тікелей қатысы болмаса да, ол күнделікті көрініс беретін кейбір жайсыз жағдайларды әшкерелеп, құзырлы орындардың жауапкершілігін арттыруға дәнекер болуда. Айталық күні кеше өзі жол ережесін бұза тұрып, екінші көлік иесіне тапанша кезенген жігіттің әрекеті әлеуметтік желілерде жарияланбаса, бұзақы жауапкершілікке тартылмас та еді. Ақтау қаласында жас жұбайлар мінген көліктердің қауіпсіздігін жол полициясының қамтамасыз етуі – бұл енді артық әрекет. Бұл бейнетаспа арқылы да тәртіп сақшылары жауапкершілікке тартылары анық.
Өз басым әлеуметтік желілерде кез келген оқиғаға байланысты бейнетаспалардың жарияланғанына қарсы емеспін. Тек ол дер кезінде ғана оқырман назарына ұсынылсын.
Дінмұхаммед ЗИЯДИН, блогшы, SMM-маман:
– Әлеуметтік желілерде даулы бейнероликтердің жиі беріле бастауы интернет қолданушыларының қолында құзырлы органдарға қандайда бір ақпарат жеткізудің жаңа құралдары пайда болғанын аңғартады. Түрлі мемлекеттік мекемелер мен халық арасындағы байланыстың артуы екі жақтың да қалайтын, көздеген дүниесі емес пе? Сондықтан мұны жалпы алғанда дұрыс тенденция деп бағалауға болады. Сонымен қатар бұл құбылыс қоғамдағы түрлі процестердің ашық, айқын өтуіне белгілі бір дәрежеде жол ашады, яғни интернеттегі видеоматериалға түсіп қалған заң бұзушы туралы тек соған қатысты тұлғалар емес, жалпы қолданушылар хабардар болып, ол істің арты сұйылып кетпеуін, нәтиже шығуын қадағалап отырады. Әрине, бұл идеалды формула, әйтсе де осы бағытта бізде де оң іс-әрекеттердің жүріп жатқанын көре аламыз.
Аршат ОРАЗОВ, ІТ маманы:
– Әлеуметтік желілер бүгінде мықты байланыс құралына айналды. Сондықтан әркім өзінің маңызды деген ақпаратын әлеуметтік желілерге жариялайды. Оның көп адамға тарайтыны, бұқаралық ақпарат құралдарына да тиімді болғаны ұтып отыр. Ақпараттың тез және көпшілікке таралуын арандатушылар да тиімді пайдаланады. Ол адамдардың мақсаты мен пиғылына байланысты. Кейбіреуі осыдан 1-2 жыл бұрын түсірілген бейнероликті жариялайды, ал ол адамның ойы өзгеруі мүмкін ғой? Сондықтан біз бұл жерде ақпараттық қауіпсіздік мәселесін де естен шығармауымыз керек. Мәселен, Қытай өзінің ақпараттық кеңістігін мықты қорғап отыр. Өздерінің іздеу жүйелері, әлеуметтік желілері бар. Шетелдік желілер ашылмайды. Ал Қазақстан бұл жағынан кеш қалды. Өйткені шетелдік әлеуметтік желілерді жабамыз деген мәселе көтерілсе, үлкен дау туып кетуі мүмкін. Оған Түркия жақсы мысал бола алады. Сондықтан алдымен отандық әлеуметтік желі ашып, соған халықты үйрету қажет.
http://www.aikyn.kz/articles/view/48025