АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНҒА ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ ЖАСАЛСЫН!

x_0392fb13_1Алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы Қазақ елінен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы халықаралық деңгейде Юнеско аясында аталатыны жөнінде сүйінші сұрап, ұлт тарихындағы бірегей тұлға есімін Еуразия ұлттық университетіне беру керек деген ұсыныс білдірді.

Елімізде қазіргі таңда ұлттық, мемлекеттік, халықаралық, автономиялық, акционерлік және жеке меншік жоғарғы оқу орындарының саны 120 шақты болса, солардың  бірде-біреуіне әлі күнге дейін Әлихан Бөкейхан есімі берілмегені аян.

Қазақ елінде бүгін Әл-Фараби, Қорқыт ата, Ахмет Яссауи, М.Х.Дулати, Абылай хан, Махамбет, Жәңгір хан, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай есімдерімен аталатын іргелі жоғарғы оқу орындары бар. Кеңес дәуірінде жасаған қайраткерлер: Д.Қонаев, Е.Букетов, М.Қозыбаев, Д.Серікбаев, М.Оспанов, Ш.Есенов, О.Байқоңыров, М.Сапарбаев, А.Мырзахметов т.б. есімдерімен аталатын жоғарғы оқу орындары жұмыс істейді. Сондай-ақ қазіргі университеттер мен институттардың бірқатары Әлихан Бөкейханның замандастары мен үзеңгілестері: Шәкәрім, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Тынышбайұлы, Х.Досмұхамедұлы, С.Торайғырұлы, С.Асфандияров, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, Қ.Сәтпаев есімдерін иеленген. Әрине, оның бәрі Қазақ елі тәуелсіздік алуының арқасында, тарихта өткен біртуар тұлғаларымызды ұлықтауға мүмкіндік туғандығынан деп білеміз.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның сенімді серігі, үзеңгілес інісі, қымбат досы, ұлт ұстазына айналған Ахмет Байтұрсынұлы атымен бүгінгі таңда Қостанай мемлекеттік университеті, Ұлттық ғылым академиясының Тіл білімі институты аталады. Сол Ахаң Әлихан ағасына мынадай мазмұнда өлең жолдарын арнаған еді:

 

Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!

Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!

Үйілген өлексені өрге сүйреп,

Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!

 

Кереку жерінде С.Торайғырұлы атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Ж.Аймауытұлы атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театры бар. Бәрі дұрыс, бәрі керемет.

Қазақ әдебиетінің классигі, ұлт тарихындағы бірегей тұлға Жүсіпбек Аймауытұлы болса, ол Әлихан Бөкейханды былай бағалаған болатын: «Қараңғыдан қан жылап қаңғырған күнде басыңды алаш жолында құрбан  қылған ағамыз, асқар беліміз! Сізді көргендегі жүректің қуанышын тіл айтып жеткізерлік емес. Өміріңді жіберген жолың, біз, інілеріңе жағып қойған шам-шырақ. Жасасын, сүйреген, алашың! Жаса сабазым!»

Ал, Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Әлихан Бөкейханның тарихи бағасын кестелі көркем сөзбен былайша суреттеп берген еді: 

 

Көш бастаған еріміз!
Қуанышта еліңіз.
Төбеміз көкке жеткендей,
Көкіректен бүгін кеткендей
Сізді көріп шеріміз.
Еліңіздің бұл шағын,
Алаш туын һәм бағын,
Көзбен көріп төленді
Көптен бергі теріңіз.
Алаш туын қолға алған,
Қараңғыда жол салған,
Арыстаным, келіңіз!…

 

Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,

Демейді қандай қазақ оны оң көзі.

Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,

Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі.

 

Мұндай мазмұндағы көркем мысалды молынан келтіруге болады. Айтайын дегеніміз, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды заманында қалың Қазақ елі ардақ тұтты, биік бағалады. Оның үзеңгілес інілерінің, ниеттес қайраткерлерінің есімдері тәуелсіздік заманында орынды құрметтеліп жатыр. Алайда осы бүгін Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Мағжан Жұмабайұлы тіріліп келсе, өздерінің атымен университет пен театр, жеке аудан аталғанын білсе, бірақ әлі күнге дейін ардақты Әлихан Бөкейхан есімін ұлықтайтын Астанада лайықты бір көшенің, тәуелсіз Қазақ елінде бір университеттің, жеке ауданның, қаланың жоғын көріп ұялатын еді.

 

Қайырбек Кемеңгер,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

«Алаш» мәдениет және рухани даму

институтының аға ғылыми қызметкері

http://qamshy.kz/