АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Алқаптың сәні – «Сантэ»

картоп«Картоп деп, шіркін, ағайынды Бегалиев­тердің картобын айт!» дегенді естіген соң Жуалыға тарттық. Астына «Лексус-470» маркалы «джиптің» сүліктей қарасын мінген Керімқұл ағайындылардың үлкені екен. Өзі қарсы алды. Тірлігіне тастай сияқты. Тілге де ділмар екені байқалып тұр. «Келгендеріңіз дұрыс болды, еңбек адамдарының тіршілігін өз көзіңмен көргеннің жөні бөлек қой» деп алып, біраз мәліметтерден шу дегеннен-ақ хабардар етіп тастады.

«Ту-у, картопта тұрған не бар, соны да сөз қылып» деп қитықсаңыз қатты қателесесіз. Өйткені, Бегалиевтердің біз көрген картобы қырғыз ағайындар сатып жатқан картоптардан бөлек. Бөлек болатыны, тұқымы жақсы. Сосын бүгінде сәнге айналып, жұрттың сүйсініп жейтіні де, негізінен, голланд картобы болған. Жаңалыққа жаны құмар Бегалиевтер сондай тұқымның әр килограмы 250 теңге тұратынына қарамастан, ақшасын еуромен төлеп және сонау Батыс Еуропадағы Нидерланды деген мемлекетті «ит арқасы қиян» деместен бір ай жүріп алып келген. Нидерландыңыз жұрттың бәрі Голландия дейтін елдің ресми атауы. Ал Голландия сол елдегі он екі провинцияның небәрі екеуі ғана.

Жә, сонымен Солтүстік теңіздің жағалауы­нан жеткен «Сантэ» бастаған «жатжерлік» картоптар Жуалыға жерсініп, тәп-тәуір өнім бере бастады. «Жоқ болсаң бере алмайтын, бар болсаң көре алмайтын» ағайынның сыры белгілі ғой, «Нидерланды топырағында өсетін картоп әкелдік» дегенде «алдымен өзіміздікін қарық қып алсаңдаршы» деп мысқылдаған, қазір бәрінің күлкілері сап тыйылған. «Сантэ» де сенімді ақтады. Алғашқы жылы әр гектардан 280 центнерден өнім берсе, биыл, міне, әр гектардың өнімі 320-350 центнерге жетіп отыр. Бірақ, Бегалиевтер үшін бұл әлі де аз.

– Өздеріңіз білесіздер, – дейді Керімқұл, жазда қырғыз ағайындар суымызды бө­геп, біразырақ шу шығарды. Сол даудың салдарынан жайшылықта бес мәрте су ішетін картобымыз үш-ақ рет су ішті. Егер суы қанық болғанда әр гектардан 400 центнерден картоп алатын мүмкіндігіміз бар еді…

Бегалиевтер шаруа қожалығын 1996 жылы құрыпты. Атын әжелерінің есімімен «Зылиха» деп қойған. Елдің «ағайындылар» деп жүргендері сол асыл әженің немерелері Керімқұл, Нұржігіт және Нұрлан. Жуалылық диқандардың көпшілігі сияқты бұлар да істі ақ егістен бастаған. Одан жаман болған жоқ. Тастары өрге домалай бастады. Ал 2000 жылдан бастап «мұны да байқап көрейік» деп 2 гектар жерге картоп еккен. Сол 2 гектардың көлемі бүгінде 150 гектарға ұлғайды. Керімқұлдың інісі Нұржігіт оқыған, көзі ашық жігіт, ізденіп жүріп Қарағанды облысындағы «Астра-Агро» деген ауыл шаруашылығы кәсіпорнынан картоп өсірудің инновациялық жобасын тапты. Сөйтіп, Германия елінің жаңа технологиямен картоп егетін техникасын алып келді. Өнімді қиқаламай сапалы жинайтын комбайнға да қол жетті. Үкімет басшысының «инновация» деп тәптіштей беретіні бекер емес екен, жаңалық жақсылығын қоса әкеліп, картоптың өнімділігі арта бастады. Өйткені, бұрын әр гектардан 120-170 центнер картоп жинаса, жаңа технологиямен оны 250-350 центнерге жеткізді. Бірақ, шабыс тілеп, жер тарпыған тұлпардай іскер кәсіпкердің бір орында тықыршып тұрмайтыны бар емес пе, сол сияқты 2011 жылы Нидерланды мемлекетіндегі картоп тұқымын дайындайтын фирмамен келісімшартқа отырып, 50 тонна элиталық картоп сатып алды.

Картопты өсіру бар да, оны өткізу, сақтау және күту бар. Мысалы, көптеген шаруа қожалықтары өсірген өнімдерін алып-сатарларға алқап басынан ләж жоқ арзан бағаға сатып жібереді. Егер өздерінің өнім сақтайтын қоймалары болса бүйтпес еді. Ал алып-сатарлар бұлардың алажаздай тер төгіп өсірген картобын екі есе бағаға өткізіп, пайдаға шаш-етектен кенеледі де қалады. Базар мен дүкендердегі бағаның көтеріліп жатқаны да содан. Өнімді бір қолдан емес, екінші немесе үшінші қолдан алған соң баға көтерілмегенде қайтеді.

Ал Бегалиевтердің өздеріне келсек, «Сантэсін» сақтайтын қоймасы бар. Ол да голландиялық тәсілмен жасалған. Ондағы желдеткіш, жылытқыш сияқты шетелдік құрылғылар «Боранды бекеттің» ақ қар, көк мұзында картоп сақтауға қажетті температураны ұстап тұрады. Соның нәтижесінде Голландияның дәмі тіл үйіретін сары картобын сары майдай сақтап, қақаған қыста да, көктемнің көкөзек шағында да жей бересіз, иә сата бересіз.

– Біз қазірдің өзінде кейбір мекемелерді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сапалы, таза картоп жіберіп отырмыз. Сонымен бірге, тұқымдық қорды да естен шығармаймыз. Көктемгі егіс науқаны басталған кезде оны қажет еткен шаруа қожалықтарына сатамыз. Бізде барлығы 385 гектар жер болса, соның 185 гектары суармалы алқап. Қалғанына күздік бидай мен арпа егеміз. Картоп егілген жерге де бір-екі жыл жоңышқа немесе бидай егіп, жерді тыңайтып отырамыз, – дейді Керімқұл.

Өнім көбейген сайын қойманың аздық ететіні белгілі. «Мүмкіндіктерің бар ғой, бізге қойма салып берсеңдер соған өз өнімдерімізді сақтар едік» деген диқандар тілегі де бар. «Тегін емес, ақысын төлейміз» дейді. Сондықтан, Керімқұлдың ендігі бір ойы жаңа технологияны қолдана отырып, тағы екі қойма салу. Оған өзінің де, басқа шаруалардың өнімдерін де сақтауға болады.

Шаруа қожалығында 25 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 60 мың теңге. Ал маусым кезінде жұмыс­шылардың саны 150 адамға жетеді.

«Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген. Әкесі Мамырдың да аманаты осы еді. Керімқұл Шымкент қаласының керімсал ауасымен беймарал тыныстап жүргенде туған ауылына шақырып, өзі тер төккен жерді аманаттап кеткен де әкесі. «Ырыс қайда барасың, ынтымаққа барымын» деген, үшеуіңнің бастарың ажырамасын, ылғи тату-тәтті жүріңдер. Сонда берекелерің кіріп, істерің алға басады», деп еді жарықтық. Туған ауылына мешіт салдырып, жолдарына асфальт төсетіп, өзі құрметті қонақтармен бірге төрге шыққан кезде әке аманатының туралығына көзі жете түскен. Қазір Бегалиевтердің берекелі бастамаларынан үлгі алып жүргендер де жоқ емес. Бұрын бір-бірімен араласпайтын ағайындардың бастары бірігіп, шаруаларын дөңгелете бастады.

Баласы Кәріпжан бірде «Әке, сіздер ақ егіспен және картопен айналысып жүрсіздер ғой, ал ана жылқылар мен сиыр, уақ малдардың бастары көбеймей жатыр. Мен өкімет болмай-ақ, Луговойдағы техникумға түсіп, мал ауруларының қыр-сырын біліп, мал шаруашылығымен айналысайын», дейді. «Болатын бала он бесінде баспын дер, болмайтын бала отызында жаспын дер», әлі мектеп бітірмеген баласының әсіресе, «мен өкімет болмай-ақ қояйын» деген сөзіне рахаттанып тұрып күлсе де, «әй, мұныкі де жөн екен-ау» деген.

Ел аман, жұрт тыныш болса ағайынды Бегалиевтердің бұл арманы да орындалатын күн алыс емес.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Түктібай ауылы.

Суретті түсірген автор