АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Басқайғысы – баспанасы

домаОсыдан үш жыл бұрынғы оқиға 75 мың тұрғыны бар Щучинск қаласы тұрғындарының көңілін аспандатып жібергені есімізде. Тек курортты аймақта ғана заманауи сәулеттің озық стилімен, қозықұйрықша қаптап салынып жатқан әсем ғимараттарға тамсана қарайтын аудан орталығының адамдары баспанаға жарымай, армандай күй кешетін. Міне, енді бір күнде жарылқаушы пайда болып, әй-шайға қарамастан көпқабатты екі үйдің құрылысын бас­тады да жіберді. Компанияның «Шабыт СТ» ЖШС аталатыны да көпшіліктің көмескіленіп бара жатқан үмітін оятқан.

Мемлекеттік бағдарлама жалауын көтерген құрылыс ғаламат қарқынмен жүргізілді. Араға жыл салмай-ақ қос ғимарат қоныс тойына дайын болды. Жұртшылық та, жергілікті билік те қатты қуанды. Жас мамандарды жұмысқа тар­ту­дың мүмкіндігі туғанына қуан­ған Ақмола облысының сол кез­дегі әкімі Сергей Дьяченко пәтер иелеріне кілт тапсыру сал­танатына арнайы қатысып, жа­лынды сөзін төгілтті. Әлгі үй­дің төртінші қабатынан пәтер бө­лінген Ботакөз Құсайынова мен Анна Елишеваларды қызу құт­тықтап, қолдарына жібек баулы кілт пен алқызыл гүлді қоса ұстатқан. Бірақ, жолдамамен келген жас мамандарға қамқорлық көрсету жөніндегі жоғарыдан жасалып жатқан қысымнан құтылып қалуды ойлаған әкім даудың басы дәл бүгін басталғанын қайдан білсін!

Шынында, «Шабыт СТ» шаттық әкелмепті. Құрылыс компаниясының басшылары аудандық әкімдікпен жасалған мәміле-меморандумды әлгі салтанат болмай жатып-ақ ұмытқан екен, турасын айтқанда оны орындау ойында болмаған. Бүгінгі жағдай сол шындықты қалқытып шығарып отыр.

– Танымайтын, белгісіз адамдар пәтерді босатуымды талап етіп, қоқан-лоқы жасауын қояр емес, – дейді Б.Құсайынова. –Заңды иесі біз дейді. Жыларман күйде құқық қорғау органдарын жағалап көрдім. Осы екі жылда ауданның үш әкімі ауысты. Олардың әрқайсысына екі-екіден алты рет бардым. Жанашырлық сөздерін айтқанымен ешқандай көмектері жоқ. Жанұямызбен әбден қалжырап біттік.

Дәл осындай жағдайды гинеколог Анна Елишева да бастан кешіп отыр.

Сиырқұйымшақталып созылып бара жатқан мәселенің астарында қандай сыр бар? Біз Бурабай аудандық әкімдігінің заңгері Айтбек Ықыласовқа хабарласқанымызда сұрақтың түпкі жауабына ақырындап сәуле түскендей болды. Жолдамамен келген жас мамандарға пәтерлер сыйға берілген болып шықты. «Қам жемеңдер. Құжаттарың екі-үш айдан кейін қолдарыңа тиеді», делінген.

Сонда Үкімет жалаулатып қолға алған мемлекеттік бағдарлама, қолжетімді баспана қайда қалды? Жалпы, солай болған күннің өзінде сауғасын қайтып алған салтты қай атамыздан көріп едік? Сөзінде тұрмайтын, тиын-тебен үшін жалған сөйлейтін құрылысшылардан не қайран? Жұрт көзінше кілт берген әкімде, жалпы билік атаулыда қандай бедел қалды мұнан кейін…

Енді, міне жазықсыз жәбір көрген, жұртшылық үміт күтіп отырған дәрігерлер сот дәліздерінде сарсаңға түспек. Биліктің дәрменсіздігі, тағдырды тәлкекке салу деген осы шығар.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы,

Щучинск қаласы.