Алматыда қазақ халқының ұлы аналарының тарихына арналған «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық мұражайы ашылады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Мұражай экспозициясында қазақ мемлекетінің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан қазақ әйелдеріне ерекше мән берілген. Онда бұрынғы ғасырдан қазіргі уақытқа дейінгі әйелдердің тарихи мәліметтері енген», – деп айтылған баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұражайда ұлттық киімнің бай үлгілері мен әйелдердің ерекше зергерлік бұйымдары қойылады. Сондай-ақ, мұражайдан түрлі қолөнер бұйымдарын, әйелдер пайдаланатын заттар, музыкалық аспаптарды көруге болады.
Мұражайда «Аналар ұлағаты елге аманат» бөлімі ашылады. Мұнда Ұмай-ана, сақ патшайымы Тұмар мен қазақ хандарының әйелдері туралы, олардың өмірлері жайында баяндалады.